Жақсықылыш кентінде инфрақұрылым мәселесі кенже қалып отыр
Арал ауданындағы Жақсықылыш елді мекенінің тұрғындары ең өзекті осы 3 мәселенің шешімі табылғанын қалайды.
Арал ауданындағы Жақсықылыш кентінде 5 мыңнан астам тұрғын бар. «Соңғы жылдары елді мекен халқының саны артып келеді», – дейді ауылдықтар. Кенттегі №19 мектеп 600 орынға лайықталған. Алайда айтулы білім ұясының оқушылар саны 1200-ге жетіпті. Оның үстіне кезінде бұл мектеп ауылдың шет жағына салынғандықтан, оқушылардың қатынау мәселесі де туындап тұр.
Айбек Мұқашов, Жақсықылыш кентінің тұрғыны:
- Сондықтан келешекте жаңа мектеп немесе қосымша ғимарат салынса екен деген ойдамын. Жол тасымалына арнап балаларға қосымша көлік берсе екен.
Жақсықылыштың 300-дей өрені 90 жылдық тарихы бар тұз зауытының ескі спорт залында жаттығып жүр. Дегенмен жастар жағы ауылдан заманауи спорт кешені салынғанын қалайды.
Ыбырай Оспанов, спорт нұсқаушысы:
- Елді аймақтарға, аудандарға жоғары деңгейде салынып жатқандай осы біздің өңір де осындай ғимараттармен қамтылса екен дейміз.
Жақсықылыштықтар елді мекен іргесінен өтіп жатқан Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының да игілігін көргісі келеді. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 558 млн теңге бөлініп, көгілдір отын тарту жұмыстарының 90% аяқталған. «Ал қалған мәселелер «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында шешімін табады», – дейді аудан басшылығы.
Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:
- Биылдың өзінде 760 млн теңге біз «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ұсыныс берілді. Қазір ірі 3 жоба қолдау тауып отыр. Жақсықылыш кентіндегі мектепке қосымша 100 орындық құрылыс салу жоспарланды. Жақсықылыш кентінен спорттық кешен салу, кенттегі ауылішілік көшелерді жөндеу, асфальттау, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз деп отырмыз.
Жалпы Арал ауданындағы шалғай ауылдарда жол, ауызсу, сапалы интернет және ұялы телефон байланысы өзекті. «Аудан, ауыл әкімдерінің есепті кездесулерінде көтерілген мәселелер кешенді шаралар жоспарына енгізілген», – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байдулдаев