Алматыда заңсыз салынған үйлер тексерілуде
Оның құрамына үкіметтік мекемелер мен құзырлы орган өкілдері кірді. Арнайы жұмыс тобының қорытындысы осы аптаның соңына қарай шығуы тиіс. Заңсыздыққа жол берген шенеуніктер жауапкершілікке тартылады.
Бір айта кетерлігі мұндай заңбұзушылықтар Алматы іргесінде ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де анықталған.
Алматы әуежайы маңындағы жер телімдері кезінде қалай, қандай тәртіппен үлестірілді? Өрескел заңбұзушылыққа тікелей қатысты тұлғалар кімдер? Қазір бұл мәселені арнайы жұмыс тобының мүшелері анықтап жатыр. Қорытындысы бірер күнде белгілі болады.
Бұл орайда Талғар ауданын бұған дейін басқарған азаматтар мен ауылдық округ әкімдері ең алдымен күдікке ілігеді. Мамандар: «Себебі Гүлдаладағы Bek Air ұшағы соғылған үйдің ешқандай құжаты жоқ», – дейді.
Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Құрылысты өз еркімен салған. Үйдің құрылысына жергілікті әкімдіктен ешқандай рұқсат берілмеген. Осындай мәселелердің барлығы қаралып, алдағы жұмада алдын ала қорытындысы шығады. Жер телімдерін бөлініске салған жауапты тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылатын болады.
Ал мәселесі атқамінерлердің біразы әлі күнге дейін жауапты қызметте. Алматы іргесіндегі әуежай апатынан кейін халық ұшаққа отырудан қорқып қалды. Әуежай маңынан жер телімін алып, үй салғандар да үрей құшағында өмір сүріп жатыр.
Наргиз Ғаниева, Гүлдала ауылының тұрғыны:
- Басында далаға шығуға да қорқынышты болды. Сондықтан көшу туралы ойлар да болды. Ұшақтар ұшып жатыр.
Мұндай заңсыздыққа Павлодар облысында да жол берілген. Қолданыстағы заң бойынша құрылыс нысандары әуежай аумағынан ең кемі 4 шақырым қашықтықта болмауы тиіс. Дегенменқазір құрылыс жүргізуге тыйым салынған аумақта екі жеке тұрғын үй бой көтеруде. Оған жақын маңда екі қабатты 55 үйден тұратын коттедж қалашығы салынып жатыр.
Ғайнель-Хаят Машрапова, Павлодар қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Әуе қалашығы маңында 55 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – жеке үй құрылыстары. Бүгінгі күні «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 9 үй қолданысқа берілді. Нысандардың құрылысы бойынша әуежай өкілдігі қоршаған ортаны қорғау органдарымен тиісті келісімдер жасалды.
Сергей Титов, Павлодар әуежайының ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекторы:
- Қазіргі уақытта №1 жеке тұрғын үй аумағы бойынша келісім бар. Ал басқа жер комитеті тарапынан бөлінген учаскелер бойынша әуежаймен келісім жүргізілмеді. Сонымен қатар әуежай маңайында мал өсіретін нысандар орналасқан. Ел үкіметінің 504-қаулысына сәйкес 15 шақырымдық радиуста ірі қара мал ұстауға тыйым салынған.
Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Жиделі және Қызылжар елді мекеніндегі тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттар әуежайдың ұшу-қону жолағына жақын орналасқан. Бұл туралы Қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы мәлімдеді.
Нұрлан Архабаев, Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Ол енді қорғау аймағына кіру құрылыс-санитарлық нормалардың бұзылуы болып есептелінеді. Оны заңды деуге келмейді. Ал құрылыстарды заңдастыру мәселесі бойынша мен барлығын көре қойған жоқпын.
Ал Атырау халықаралық әуежайы жергілікті биліктің жер телімін негізсіз беруі салдарынан қала ортасында қалды. Мысалы «Нұрсая-3» ықшам ауданының шеті ұшып-қону алаңынан 200 метр жерге дейін созылып кетті. Әлі де көптеген құрылыс салынуда. Әуежайдың маңынан көпқабатты үйлерден тұратын тұтас мөлтекаудан бой көтеріп келеді. Мұның барлығы әуе кемелерінің ұшып-қонуына, сол маңайдағы тұрғындардың өміріне қауіп туғызатыны анық.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Арыстанбек Кенже, Ақмарал Есімханова, Нұрбек Байбосын