Түркістан облысында ағаштан түйін түйетін көпбалалы ана тұрады
Қазір күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдардың түр-түрін шығарып, дүкендерге өткізеді. Тапсырыс қабылдап, тұтынушының қалауын жасап береді.
Алты баланың анасы Зияда Әбдіқожаева ағаш жонатын қондырғыны ұршықша иіреді. Жастайынан кесте тігіп, келі түйген келіншек ағаштан бұйым жасауды да ерте меңгерген. Алғашында тұрмысқа қажетті қарапайым заттарды қызық үшін жасаса, қазір заманауи дүниелер шығарып жатыр. Көпбалалы ананың тігін цехының орнына ағаш шеберханасын ашуы бізді де қызықтырды.
Зияда Әбдіқожаева, көпбалалы ана:
- Шеберхананы ашқан себебім қазіргі таңда ешкім ағашпен жұмыс істегісі келмейді. Бәрі таза жұмыс істегісі келеді. Сол үшін де біз келешек ұрпаққа көрсеткіміз келеді.
Істің көзін таба білетін көпбалалы ана өткен жылы алған АӘК-тің қаржысына ағаш жонатын қондырғылар сатып алған. Сөйтіп үйінің ауласындағы шағын сарайды шеберханаға айналдырыпты. Осылайша ата кәсіпке деген сүйіспеншілігі кәсіпкерлікке ұласқан. Жолдасының да ағаш шабуға ебі бар. Мына дүниенің барлығын екеуі бірлесіп жасаған. Зияданың ендігі арманы – «Бизнес бастау» бағдарламасымен курс оқып, мемлекеттік грантқа ие болу. Ол қаржыға заманауи жиһаз шығаратын қондырғылар сатып, кәсібін кеңейтуді көздейді.
Зияда Әбдіқожаева, көпбалалы ана:
- Орындықтар, ас үй жиһаздарын жасасақ деген ойымыз бар. Мынаны өз қолыммен тіктім. Осындай заманауи жиһаздар жасап, осы кәсібімді тағы да үлкейткім келеді. Ал үйренемін деген адам болса, үйреткім келеді.
Дулат Шарипов, аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры:
- Өз кәсібін ашып, тірлігін жасап жатқан отбасы көп. Оның ішінде мал шаруашылығына алғандар да бар. Одан бөлек өзінің кішігірім дүкендерін ашқандар, ағаш, темір ұсталарының жасап жатқан дүниелері бар. Әрі қарай дамытуға биыл қайтарымсыз гранттарды ұсынамыз.
Төлеби ауданында өткен жылы 22 мың адам АӘК алған. Оның ішінде 716 отбасы шартсыз, ал 3300 жанұя шартты түрде қаржылай қолдауға ие болды. Биыл 1800 көпбалалы отбасына АӘК беріледі деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы