Мұнай-газ компаниясына 3,5 млрд теңгеден астам айыппұл салынды
Кәсіпорынның өңдеу зауытында жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында тиісті заңнаманың бұзылғаны анықталған. Ал компания өкілдері тағылған айыппен келіспей отыр. Тіпті тексеру жұмысының негізсіз екенін айтуда. Тараптардың уәжін кәсіпкерлер палатасының кеңес мүшелері тыңдады.
Экологтордаң жүргізген тексеру жұмыстары Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінде жүргізілген. Тексеру жұмыстарына тұрғынның шағымы себеп болған. Ол өз өтінішінде зауыттың қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқанын нақты дәлелдермен келтірген екен. Арызды негізге алған бақылаушы орган мамандары өндіріс орнына ірі көлемде айыппұл салды.
Ерболат Кожиков, Экология департаменті басшысының орынбасары:
- Рұқсат қағаздары бойынша өздерінің нормалары арқылы тексерістің нәтижесінде айтылған, жазылған фактілер анықталды. Белгіленген мөлшерден асып кеткен соң, біз осы айыппұлды салдық.
Ал кәсіпорын өкілдері Экология департаментінің ұйғарымымен келіспейді. Себебі бұл жайтқа дейін өңдеу кешені тексеруден өткен болатын. Талап етілген құжаттар, ақпараттар берілген. Олардың айтуынша, әкімшілік айыппұл заңсыз салынған.
Руслан Низамутдинов, Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешені басшысының орынбасары
- «Жоғары лауазымға немесе сотқа біреудің әрекетін дауласаң, сол белгіленген күннен бастап, тексеру тоқтау керек», – деп заңда көрсетілген. Бірақ мына жағдайда ешқандай тоқтау жасалған жоқ. Қорытындысын жасады, оған қарамастан бізге қазір 3 млрд-тан артық айыппұл салды.
Тараптардың арасында пайда болған дау кәсіпкерлер палатасында қаралды. Ұйымның құқық қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері әрқайсысын жіті тыңдады. Бірақ палата өкілдері мұнай-газ өндіруші компания ұстанымын қолдайтынын айтты. Себебі компанияда тексеру жиілеп кеткен. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық ахуалына да кері әсерін тигізуі мүмкін.
Руслан Күйшінов, кәсіпкерлер палатасының өкілі:
- Енді көмек береміз. Біз шағымды жаздық. Ал егер де дұрыс үкім шығармаса, сотқа береміз.
Бұл мәселенің қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Себебі іс сотқа жолданды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Ал сот отырысының қашан және қайда өтетінін қазір айту қиын. Екі жақтың мүддесі Ақтөбеде немесе Нұр-Сұлтан қаласында қорғалуы әбден мүмкін. Әзірге қос тарап өз ұстанымдарының дұрыстығын айтып отыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнаддин Молдабеков