Елдегі сот сараптамалары институттарының мәйітханалары ескіріп кеткен
Әділет министрі өңір әкімдерін жаңа ғимарат салуға атсалысуға қанша шақырса да, құлақ асып жатқандары шамалы.
Елордадағы сот сараптама институтының мәйітханасы өткен ғасырда бой көтерген еді. Бұл 300 мың халқы бар қалаға арналған. Ал қазір бас қалада 1 млн-нан астам адам тұрады. Сәйкесінше ғимараттың таршылығы қатты сезіліп тұр.
Мәйітханаға кіріп, жаның бір түршігеді. Ал сот-сараптамалық институтының мамандары қалай жұмыс істеп жатқандығын көріп, одан бетер үрейлене түсесің. Мәселен, мынау – секциялық зал. Мұнда небәрі үш-ақ үстел бар екен. Ал үстелдер осыдан 50 жыл бұрын орнатылған. Қазір ешқандай да бір талаптарға сай келмейді. Мұндағы иіс қолқаны алады. Мына тұрған желдеткіштер де күресе алмай жатыр.
Келден Мақашев, сот-медициналық сараптаушы:
- Қандай желдеткіш болса да, ескі ғимарат болған соң, қабырғаларға сіңіп кеткен. Жағдайын өздеріңіз көріп отырсыздар. ХХІ ғасырда мұндай болуға тиісті емес. Бұл, әрине, ешқандай стандарттарға сәйкес емес. Су өтетін құрал-жабдықтары бәрі ескірген.
Қабырғалары сөгіліп, төбеден су тамшылайды. Ұзақ жылдар бойы осындай жағдайда мамандар сараптамаларын сапалы жасауға тырысып келеді екен. Орта есеппен күніне 7-8 мәйіт әкелінеді.
Келден Мақашев, сот-медициналық сарапшы:
- Бұл мәселелер осы жерде жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің жұмысына да, денсаулығына да психологиялық тұрғыдан әсер етеді. Мынау ескі ғимарат болғандықтан, ішінде ауасы таза емес. Соның салдарынан қызметкерлер ауырады, иммунитеті төмендейді.
Енді осы күрделі мәселе жақын арада шешімін таппақ. Өйткені 2020-2021 жылдары жаңа нысан салу жоспарланған. Оны тұрғызу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 462 млн теңге бөлінген. Ал қалалық әкімдік арнайы жер бөліпті.
Өңірлерде де жағдай көңіл көншітпейді. Мысалы, Жамбыл облысындағы сот сараптама институтының мәйітханасы өткен ғасырдың 73-жылдары салынған. Нысанның қабырғалары сөгіліп, электр желілері тозған. Кесірінен тоңазытқыштар жиі істен шығатын көрінеді, ішіндегі мәйіттер де бүлінеді.
Берік Құсқанбаев, Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалары институтының директоры:
- Тоңазытқыштар далада орнатылған. Барлығы ескірген. Оның үстіне бізде заттай дәлелдерді сақтайтын жер жоқ. Талай рет әкімдікке айттық. Алайда осы күнге дейін ешбір көмек жоқ.
Аймақтағы мәселелерді Әділет министрі Марат Бекетаев та көтерген көрінеді. Алайда құлақ асып жатқан өңір басшылары кемде-кем секілді.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
- Біз жергілікті әкімдермен әріптес болуымыз керек. Мен оларға өз өтінішімді бірнеше рет айттым. Кейбірі қолдап, өз бюджеттеріне тиісті жұмыстарды жоспарлады. Мәселен, БҚО-да жаңа нысан беріледі. Атырауда дәл солай. Ақтөбе мен Алматыда жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп қойылған.
Әзірге өзгелеріне үлгі болар Орал ғана. Мұнда 64-жылы салынған бір қабатты ғимараттың орнына жаңа нысан берілген. Бастысы мұнда барлық санитарлық талап сақталған.
Авторлары: Риат Шони, Аманжол Байғазин