Әл-Фарабидің 1150 жылдығы Алматыда ресми түрде басталды
Президент бастамасымен биыл ұлы ғұламаның мерейтойы кең көлемде аталып өтеді. ЮНЕСКО қамқорлығымен жыл бойы халықаралық ауқымда да аталып өтілмек. Бүгін ресми ашылу салтанатына БҰҰ, ЮНЕСКО, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Түрксой сынды бірнеше халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссия өкілдері мен белгілі ғалымдар қатысты. Ұлы ойшылдың мерейтойы аясында Түркістан облысында әл-Фараби мұрасын қайта жаңғырту және Отырар қаласын туристік кластер ретінде қайта қалпына келтіруге арналған іс-шаралар жүзеге асатын болады. Дамаск қаласындағы әл-Фараби мәдени тарихи орталығы мен музей үйін жетілдіру мәселесі қолға алынады.
«Әл-Фараби мерейтойын атап өтудің басты мақсаты: ғалымның мұрасын зерделеуге жаңа серпін беру, әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау», – деді Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын ресми түрде ашқан мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаев. Ұлы ойшылдың мерейтойы аясында әлемнің бірнеше елінде, Қазақстаннан өзге Париж, Италия, Иордания, Түркия, Қытай, Сирия сынды елдерде ғылыми конференциялар өтетінін айтты. Әрине, бұл шараның барлығы алдымен Әбу-Насыр әл-Фараби дүниеге келген Отырар жерінен басталу керек.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- 1150 жылдықты мерекелеу аясында Түркістан облысында әл-Фараби мұрасын қайта жаңғырту және Отырар қаласын туристік кластер ретінде қайта қалпына келтіруге арналған іс-шаралар жүзеге асатын болады. Дамаск қаласындағы әл-Фараби мәдени тарихи орталығы мен музей үйін жетілдіру мәселесі қолға алынады. Сол орталықтың негізінде тәуелсіз Қазақстанның бас консулдығы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филиалы құрылатын болады.
Сондай-ақ жақын күндері «Әл-Фараби ізімен» деп аталатын ғылыми экспедиция жұмысын бастайды. «Әрине, іс-шаралардың барлығы білім мен ғылымның дамуына тың серпін беру керек», – деді Мемлекет хатшысы. Шет елден келген ғалымдар да осыны көздеп отыр.
Насыр Мұхаммед әл-Ақили, профессор, доктор (Сауд Арабиясы):
- Әл-Фараби мұрасын біз де үлкен қызығушылықпен зерттеп келеміз. Сауд Арабиясы корольдігіндегі университетте әл-Фараби факультеті бар. Біз осы факультет арқылы екі ел арасындағы білім, ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытқымыз келеді.
Ал Сириядан келген музыкант Дима Мауазини өз ғұмырында 160-тан астам трактат жазып, бүгінде бар ғылымның денін зерттеген Әбу-Насыр әл-Фарабидің музыка ғылымына қосқан үлесін айтты.
Дима Мауазими, музыкант (Сирия):
- «Канун» деп аталатын мына аспаптың үні жақсы шығу үшін кезінде әл-Фараби оған тағы бірнеше шек қосқан. Әл-Фарабидің шығыс музыкасына қосқан үлесі зор. Сондықтан бұл мерейтойға мен «Әл-Фараби» деп аталатын жаңа туынды жазып келдім.
Ұлы ойшылға арналған мерейтой аясында жүзеге асырылатын міндеттер айқындалған.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Біріншіден, ұлы ойшылдың идеялары мен қағидаттары мен теориялық негіздерін жаңа заманға сай пайдалану керек. Екіншіден, ғұлама ғалым мұрасын өзекті ғылыми зерттеулерде және инновациялық білім беру үдерістерінде кеңінен қолдану керек. Үшіншіден, әл-Фараби идеяларының негізінде жаңа үлгідегі мемлекеттік ұстанымдарды зерделеген жөн. Төртіншіден, әл-Фарабидің мерейтойы заманауи білім жүйесінің ғылыми инновацияның дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа қуатты серпін береді деп сенеміз.
Сондай-ақ «әл-Фараби» орталығы ашылды. Орталық әл-Фараби мұрасын зерттеп, ел ішінде және шетелде насихаттаумен айналысады. Ол үшін арнайы сайт та жасалған. Ол фарабитанушылардың пікірсайыс алаңына айналады. Ғалымның өмірі мен еңбегіне арналған зерттеулер қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарияланып тұрады.
Бекжан Мейірбаев, Әл-Фараби орталығының директоры:
- Әл-Фараби жайындағы мәліметтерді жаңа форматта, жаңа формада беру, барынша тарату – орталықтың алдына қойған басты мақсаттарының бірі. Сонымен қоса Әл-Фараби орталығы ҚазҰУ бастамасымен қалыптасқан әлемдегі 12 басқа Әл-Фараби орталықтарымен тығыз халықаралық қарым-қатынасты әрі қарай үдерту мақсатында жұмыс жасайды.
Мерейтой аясында ұлы ойшылдың еңбектерін аудару, әл-Фараби энциклопедиясын шығару, деректі фильмдер мен кинолар түсіру сынды шаралар қолға алынбақ.
Авторлары: Алуа Маханбет, Ерлан Шалбаев