Мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия табысталды
Оны Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев табыстады. Бұл – мемлекеттің мәдениет пен өнер қайраткерлерін, шығармашылық қызметкерлерін қолдаудың айғағы. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жүрсін Ерман, Нұрлан Оразалин, Меруерт Өтекешова сынды қазақ өнері, мәдениеті және әдебиетінің дамуына үлес қосқан 75 азамат стипендия иегері атанды. Олардың қатарында Канн халықаралық кинофестивалінің лауреаты Самал Есләмова, актриса Айнұр Рахипова, балет әртісі Бақтияр Адамжан сынды жастар да бар. Кездесуде мәдениеттің бүгінгі жағдайы, болашақтағы дамуы туралы әңгіме өрбіді.
Нұрлан Оразалин, Мемлекет және қоғам қайраткері:
- Қазақ елі аман болса, қазақтың мәдениеті аман болады. Қазақ өнері де, қазақ әдебиеті де, мәдениеті де, рухани кеңістігі де осы бағытта жұмыс істеу керек.
Айнұр Рахипова, Жастар театрының актрисасы:
- Осындай шаралар бізге шабыт, серпіліс береді. Біз осыдан күш-жігер алып, одан да артық үлес қосуға тырысамыз.