Мәжіліс халықаралық пошта транзитіне қатысты құжатты мақұлдады
Келісім пошта байланысы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қолдау үшін қолайлы жағдай жасайды. Қазақстан 1992 жылдан бастап Дүниежүзілік пошта одағының толық мүшесі болғандықтан, оның ережелерін орындауға міндетті. Депутаттар Қазақстанның аталған ұйымға қанша жарна төлейтінін сұрады. Біздің ел жыл сайын 46 мың Швейцария франкін төлейтіні белгілі болды. Одаққа мүшелік Қазақстанның басқа мемлекеттермен қатар шешім қабылдап, дауыс беруіне мүмкіндік береді.
Мәжілісте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы құжат та мақұлданды. Келісім азаматтық алу мәселесін реттеп, заңсыз көші-қонға тосқауыл болады. Айта кетейік, елімізде қос азаматтық алу бойынша 500 факті тіркелген. Олар әлеуметтік көмек алу үшін осындай қадамға барған. Сонымен қатар шетел азаматтығын алса да, біздің төлқұжатты пайдаланған 15500 тұлға Қазақстан азаматтығынан айырылған. Олардың ішінде өзбекстандықтар да бар.