Кореяның білікті мамандары бие сүтінен бетке арналған крем әзірлеуде
Қазір бірлескен тараптың өнімі сатылымға шығып қойыпты.
Айтуған Мұқашев 20 жыл қымыз құрамын зерттеген. Осы уақыт аралығында бие сүтінен тек шипалы сусын ғана емес, косметикалық бұйымдарды да әзірлеуге болатынын анықтайды. Алайда тиісті құрал-жабдықтары болмағандықтан, Кореядағы жергілікті компаниямен келісімге отырады. Олар өнімді даярлайды. Ал Қазақстан қажетті шикізатпен қамтамасыз етеді.
Айтуған Мұқашев, қазақ-неміс «Қымыз» ғылыми-зерттеу институтының директоры:
- Сонымен үлкен корпарациямен келісіп, өнімді қазір Қазақстанға әкелдік. Адамдар тұтынып жатыр. Мен бұған 20 жылдан соң қол жеткіздім.
Уақыт косметикадан да қымбат. Сондықтан Айтуған Мұқашев өз өнімін өзге елде өндіруге мәжбүр. Өйткені: «Елімізде осы салада жұмыс істейтін бірде-бір маман жоқ», – дейді кәсіпкер. Ал Кореяда 1 кремді жасау үшін 9 маманның тер төгуіне тура келеді екен.
Айтуған Мұқашев, қазақ-неміс «Қымыз» ғылыми-зерттеу институтының директоры:
- Ақша жағынан, техника сатып әкелуде проблема жоқ. Проблема – кадрда. Осы косметиканы істейтін бірде-бір маман жоқ. Бие сүтін кептіріп, оған сараптама жасап беретін адам жетіспейді. Біз осы үшін де басқа жаққа баруға мұқтажбыз. Заман өзгерген сайын мамандық та өзгеруі керек. Мысалы, Кореяның 37% кірісі косметикадан келіп отыр.
Келтірілген сандар осы салаға деген сұраныстың жоғары екендігін аңғартады. Бұл – Корей елінің статистикасы. Ал біздегі көрсеткіш басқаша. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ел жастарының басым бөлігі инженер, қайта өңдеу мен құрылыс мамандығын таңдайды екен. Педагогикалық ғылымға бет бұрғандар да аз емес. Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар бағытына қызығушылық танытатындар да көп кездеседі.
Биомедициалық бағыт – көп кезеңнен тұратын күрделі процес. Сондықтан бұл мамандыққа бет бұратын тәлімгер саны аз. Медицина ғылымдарының докторы Александр Гуляев осындай пікірде. Профессордың сөзіне сүйенсек, ол бие сүтінен шипалы сусын әзірлеуге 10 жылын арнаған. Осыдан-ақ бұл саланың хас маманын даярлау, ұзақ уақытты талап ететінін байқауға болады.
Александр Гуляев, медицина ғылымдарының докторы:
- Бұл бағытта қызмет ететін маман өздігінен тәлім ала алмайды. Оларды еліміздегі немесе шетелдегі арнайы жетілдірілген білім ошақтарында оқыту керек. Тереңдетілген білім нәрімен сусындатқаннан кейін де ізденіс үстінде болуы шарт. Себебі олар бір емес, бірнеше ілімді біріктіріп оқиды. Айталық, бір жобаны жүзеге асыру үшін 10 шақты маман жұмылдырылады.
«Қымыздан косметикалық бұйымдарды дайындайтын маман тапшы болғанымен, тағам әзірлейтін аспаздан тарлық көрген емеспіз». Қазақ тағамтану академиясының президенті осылай дейді. Төрегелді Шармановтың айтуынша, бие сүтінен бүгінде шоколад пен йогурт секілді тәттілер жасалады. «Қымызды құрғату тәсілі осындай жаңашылдықтарға жол ашты», – дейді профессор.
Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті:
- Оның зиянын тигізбейтіндей жағыменен, тәсілменен біз құрғатуға айналдырдық. Ешқандай зиянын тигізбейді. Барлық қадір-қасиетін сақтап қалатын. Сол арқылы біз оны жетілдіріп, алып өндіріске шығарып жатырмыз.
Қазір ұлттық тағамның саны көбейді. Ірімшік пен құрттың қатарына жоғарыда айтқан тәттілерді қосуға болады. Болашақта балмұздақ жасау жоспарда бар. Ғалымдарымыз мұнымен шектелмей, тұрмыста жиі қолданылатын бұйымдарды да әзірлеуді қолға алмақ.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Есбол Жамшитов