Жалған ақпарат таратушылар жазаланады
Олар ҚХР-дан келген бірнеше азаматтан қауіпті дерттің анықталғаны туралы хабарламаны әлеуметтік желіде жариялаған. Ал дәрігерлер бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұған дейін Қытайдың демалыс орындарынан оралған бес ақтөбелік кейін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында тексеруден өткен. Дәрігерлердің бақылауынан кейін екеуі үйлеріне жіберіліпті. Ал қалған үшеуінен жедел респераторлық вирусты инфекцияның белгілері анықталған.
Майра Нұрғалиева, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Коронавирус анықталған жоқ. Пациенттер «жедел реператорлы вирус инфекциясы» диагнозымен жеткізілген болатын. Кафедра қызметкерлері оларды қауіпті дертке қатысты да тексерді. Бірақ күдікті ештеңе анықталмады. Қазір кәдімгі тұмаудың да белең алған маусымы ғой.
Ерболат Сарқұлов, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық кодексте қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар Ақтөбе облыстық Полиция департаментімен осы жалған ақпаратты таратқан азаматтарды анықтау жұмыстары жүруде.