Шымкент теміржол вокзалында коронавирусқа қарсы оқу-жаттығу өтті
Эпидемиологиялық жағдай қалалық әкімдіктің, Денсаулық сақтау басқармасы мен Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бақылауында. Сала мамандары «Сақтансаң, сақ боларсың!» қағидасын ескеріп, халықтың шоғыры басым әуежай мен теміржол вокзалында жұқпалы індетке қарсы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Нұрбек Байбосын, тілші:
- Шымкент қаласында коронавирусты инфекция тіркелмеген. Бұл мәліметті Санитарлық қауіпсіздікті бақылау департаменті мен денсаулық сақтау саласының мамандарынан білдік. Ал жұқпалы вирусқа қарсы оқу-жаттығу жаңа ғана аяқталды. Іс-шара кезінде анықтау, тасымалдау, тексеру және карантинді ұйымдастыру бойынша іс-қимылдар пысықталды. Әуелі мамандар коронавирусты жұқтырғандарды пойыздан қарсы алды. Сосын оларды арнайы бокстарға жеткізіп, стационарлық және қол тепловизорларымен тексеру жүргізді. «Мұндай оқу-жаттығулар коронавирусты дер кезінде анықтауға және оның таралуының алдын алуға бағытталған», – дейді тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылаушы дәрігерлер.
Мұндай пысықтау шараларының нәтижесі қандай?
Ғалымжан Әбішов, Тауарлардың қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Жүргізіліп жатқан оқу-жаттығулар оң нәтиже береді деген сенімдеміз. Ал аурудың алғашқы белгілері дене қызуының көтерілуі, жөтел, ағзаның әлсіруі болып табылады. Қандай жағдай болмасын, дәрігер көмегіне жүгіну керек. Сондай-ақ бізде күнделікті мониторинг жүргізілуде. Мәліметтер бірден Денсаулық сақтау министрлігіне беріліп отыр.
Айта кетейік, ДДСҰ-ның мәлімдеуінше, инфекция ауа-тамшы арқылы жұғады. Яғни науқас адамнан сау адамға түшкіргенде және жөтелгенде, науқастың жеке заттарымен және ыдысын қолдану кезінде беріледі. Қазір барлық шетелден келіп жатқан азаматтар қаладағы медициналық ұйымдарменен бақылауға алынған.