«Жұлдызды жекпе-жек» жобасының төртінші маусымы 9 ақпанда көрерменге жол тартады
Қазір есімі елге белгілі өнерпаздар арасында жарыс қызған кез. Төртінші маусымға жекелеген әншілер ғана емес, біріккен топтар да қатысып жатыр.
«Жұлдызды жекпе-жек» байқауын ұйымдастырушылар күні-түні түсіру алаңында жүр. Мұнда әрбір орындалатын ән мен би, дыбыс тазалығы мен жарық беруші жұмысына, әншілердің киімі мен би алаңындағы жастардың көңіл-күйлеріне жіті мән берілген. Бұл байқаудың бұрынғыларынан ерекшелігі: енді дәстүрлі әншілер мен топтар да өзара сынға түседі.
Сержан Молдасан, продюсер:
- Соңғы кезде көп күдік пен күмән болды ғой. Біздің әншілер фонограммамен айтады деп жатыр. Соған толық жауап беретін алаң керек болды. Жалпы «Жұлдызды жекпе-жек» сол алаңға айналды.
Мейрамбек Бесбаев, әнші:
- Төртінші маусымның өзіндік ерекшеліктері бар. Топтарды да қатыстырып отырмыз. Топпен топ шығып жатыр. Бұл біздің жекпе-жегіміз тартысты, қызықты басталды. Өзім де қатыстым. Енді көңілдеріңізден шығамыз деп ойлаймын.
«Жұлдызды жекпе-жектің» төртінші маусымында төрелік жасайтын қазылар алқасының негізгі құрамында өзгеріс жоқ. Мейрамбек Бесбаев, Тоқтар Серіков, Саят Медеуов және басқа да өнер майталмандары бар. Ал бұл жолғы жарысқа көптен бері көрінбей кеткен «101» тобы, қазақтың жігерлі әндерін асқақтатып жүрген «Алашұлы» тобының жігіттері түседі. Сонымен қатар Ардақ Балажанова мен Шаба Әденқұлқызы әсем әндерін шырқайды.
Ардақ Балажанова, әнші:
- Біз енді бағымызды сынау үшін келдік деп айта алмаймыз. Өз өнерімізбен сахнадағы қызықты сәт есте қалсын деген үмітпен осы шараға қатысып отырмыз.
Ән байқауына барлығы 8 топ, 16 әнші қатысады. Жобада қазақша және орыс тіліндегі әндер айтылып, жаңа шығармалар орындалады. «Жұлдызды жекпе-жектің» төртінші маусымындағы алғашқы сайысы «Хабар» арнасында 9 ақпан күні көрсетіледі.
Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов