АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға келеді
Сапар аясында Майк Помпеоның Мемлекет басшылығымен және Сыртқы істер министрімен кездесулері қарастырылған. Онда екіжақты және өңірлік ынтымақтастық, сондай-ақ жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланбақ.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео халықаралық турне аясында Украинада болды. Онда президент Владимир Зеленский және өзге де лауазымды тұлғалармен кездесті. Ал жуырда Қазақстанға келеді. Екі ел арасында әуелден сауда-экономикалық байланыс жақсы жолға қойылған. «Ал бұл сапарда осы әріптестікті одан әрі нығайтуға басымдық беріледі» деген боложам бар.
Жалпы Қазақстан мен АҚШ-тың өзара жылдық тауар айналымы 3 млрд долларға жетті. Ал бізге құйылған инвестициясы 50 млрд долларды құрайды.
Қазақстан мен АҚШ арасында алыс-беріс пен қатар барыс-келіс те жақсы жолға қойылған. Соның нәтижесінде тараптар нақты іс-әрекеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр.
Мәселен, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Америкаға барғанда 27 келісім жасалды. Оның ішінде құны 7 млрд долларға жуық инвестиция тарту да бар. АХҚО-ның акционерлері арасында да АҚШ-тың белді компаниялары бар.
Бұдан өзге өңірлік, сондай-ақ жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша да ынтымақтастық нығайып келеді. Әсіресе Қазақстанның бітімгерлік тәжірибесі ерекше маңызға ие. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның елордаға сапары аясында «Ауғанстан мәселесі, Иран мен АҚШ арасындағы ядролық бағдарлама мәселесі, Таяу Шығыстағы ахуал да талқыланады» деген болжам бар. Америкалық дипломат Қазақстаннан кейін Ташкентке барып, Орталық Азия елдерінің «5+1» форматындағы жиынға қатысады.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы