Вундеркинд Әнуар Бижан Президенттік кадр резервінің жеңімпазы атанды
Бірақ ол бас тартты. Осылайша айлығы аз, бірақ жұмысы көп мемлекеттік қызметке келді. Әнуар Бижан – Президенттік жастар кадрлық резервінің ең жас мүшесі. Жасы 24-те. Енді ол – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасының бөлім басшысы.
Әнуар Бижан, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі басқармасының бөлім басшысы:
- Мен мемлекеттік қызметті таңдаған сәтте достарым таңғалды. Себебі маған ұсынған жалақының көлемі жақсы еді. Жеке секторда жұмыс істеп жүргенде мемлекеттік қызметке ауысатыныма өзім де сенбедім. Тек Президентпен кездескенде ғана бұл жерде ұзақ әрі нәтижелі жұмыс істеу керектігімді түбегейлі түсіндім.
Оның мемлекеттік қызметті таңдауда кем дегенде екі себебі бар. Біріншісі –ата жолын қуу. Оның атасы Нұрахмет Бижанов Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің негізін қалаушылардың бірі болған. Әкесі де осы сектордан алыстап кете қойған жоқ. Себептің екіншісі – ойдағы жобаны жүзеге асыру, осылайша жергілікті атқарушы билік пен халық арасын жақындастыру.
Әнуар Бижан, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі басқармасының бөлім басшысы:
- Идея бар, оны жүзеге асырудың жолын да білемін. Ол – әкімдіктер мен халық арасындағы диалогты сандық форматқа ауыстыру. Әдетте тұрғындардың өтініштерін естуге көп уақыт кетеді. Ал біз бұл процесті толығымен автоматтандырғымыз келеді. Яғни «Egov» платформасы арқылы тұрғындардың өтінішін нақты уақыт мерзімінде сандық форматқа ауыстырып, тез арада база құру бойынша жобамыз бар.
Онлайн сатып алу нарығы ең жедел әрі ерекше қарқынмен өсіп келе жатыр. Бұл салада Қытай, АҚШ, Ресей, Қазақстанда да өсім бар. «Сандарды сөйлетсек, елдегі электронды коммерцияның нарығы 300 млрд теңге көлемінде», – дейді мамандар. Алдағы 5 жылда бұл көрсеткіш 2 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Сондықтан резервист Бахтияр Мұхаметқалиев Қазақстандағы дәл осы электронды сауда қызметін қолжетімді әрі қауіпсіз етпек.
Бахтияр Мұхаметқалиев, «Қазпошта» АҚ Электронды коммерция бөлімінің атқарушы директоры:
- Мен «Қазпошта» компаниясында электронды коммерция жөніндегі директор болып 2019 жылдың шілдесінен бері жұмыс істеймін. Нақтыласақ, халықаралық бизнес үшін жауап беремін. Ірі перспективалы жобалармен айналысамын. Қазақстанда электронды коммерцияның экожүйесін құрғым келеді. Осы ретте бірқатар жоба жүзеге асып жатыр. Қазақстандықтардың дені болашақта дүкендер мен базарларға бармай-ақ интернеттен қажетті затына тапсырыс беріп, оны тез жеткізіп беру қызметін жетілдіруді мақсат етеміз. Бұл әлдеқайда ыңғайлы әрі тәжірибе көрсеткендей арзан.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің жас құрамы бойынша 23-тен 30 жасқа дейін 21 мыңнан астам жас жұмыс істейді екен. Бұл – 23,3%. Аз ба, көп пе? Бірақ бізге жас әрі жасампаз көзқарастар қажет.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Бекболат Базаров