Мәжілістің жалпы отырысында лотерея қызметіне қатысты заң жобасы мақұлданды
Мәжілісте лотерея қызметіне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Бірден айтайық, елімізде заң бойынша тек бір ғана оператор лотерея ойындарын өткізуге құқылы. Алайда заңды белшесінен басқандар аз емес, былтыр 670 факті тіркелген. Жаңа заң жобасында заң бұзғандарға арнайы айыппұл көлемі белгіленді. Заңсыз лотерея ойнатқызған жеке тұлға 200 АЕК көлемінде, ал шағын және орта, ірі бизнес өкілдері 700-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Айта кетейік, бірыңғай оператордың қатысуынсыз жекелей ойын өткізгендер де заң алдында жауапты болады.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Енді ұтыс ойындарды лотерея операторымен келіспей, келісімшартқа отырмай өткізуге болмайды. Бұл заңбұзушылық болып саналады және заңмен қудаланады.
Бірыңғай оператор басшылығы қазақстандықтардың лотереяға сенбейтінін айтты. Орта есеппен бір жылда әр қазақстандық тек 400 теңге ғана қаржы жұмсайды екен. Былтыр лотерея ойнататын оператор өзінің 15% табысын, яғни 376 млн теңге қаражатты ұлттық спортты дамытуға жұмсаған. Соңғы кезде әлеуметтік желіде қаптап кеткен ұтыс ойындары да лотереяға жатқызылып, рұқсатсыз өткізілген болса, иелеріне айыппұл салынуы мүмкін. Депутаттар заңбұзушылықтарды кім қадағалайтынын нақтылауды талап етті. Мәдениет және спорт министрі бұл мәселе шешілетінін айтты.