Ақтөбелік волонтерлер жасыл желек үшін күресуде
Табиғатқа жанашыр болған жандардың көтерген мәселесінен кейін, жергілікті билік өкілдері де қозғала бастады. Енді тұрғын үйлер алқабының жоспарын түзетуге уәде беріп отыр. Ал кесілген көшеттердің орнына жаңасы егілмек.
Ақтөбелік волонтерлердің көтерген кезекті шағымы «Батыс-3» деп аталатын шағын аудандағы жасыл белдеуге қатысты болып тұр. Құрылысы көбейген аумақта тал-теректер де отала бастаған. «Енді қалған бөлігін сақтап қалу маңызды», – дейді белсенділер. Өйткені бұл аумақта бұдан басқа орман алқабы жоқ. Ал жойылып кетсе, қайта өсіру үшін ондаған жылдар қажет.
Евгений Лазарчук, «Актобе, дыши!» қозғалысының жетекшісі:
- Бұл маңда күміс түстес жиде өсіп тұратын. Ағаштар тығыз орналасқандықтан, қалың тоғай болып, иен даладағы оазис сияқты әсер қалдыратын. Қазір мыңға жуық түптің оталғаны көрініп тұр.
Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, мұндағы жасыл желек аумағына бірнеше компания қызығушылық танытқан. Әрі барлығы да өсіп тұрған ағаштарды рұқсатсыз шауып, құрылыс жүргізуді көздепті. Ал былтырғы жылдан бері Ақтөбеде тал-теректерді отауға прокуратура органдары тыйым салған. Нәтижесінде облыс орталығында жайқалған әрбір түп ағаш есепке алынатын болды.
Хасен Юсупов, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Заңсыз ағаш кесу дерегі бойынша ақпарат түскен сәтте полиция қызметкерлерімен бірге оқиға орнына жеттік. Тәртіп сақшылары заң бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырып, іс қозғалды.
Волонтерлер көтерген мәселеден кейін, тұрғын үй алқабындағы жалғыз бақты сақтау қолға алынатын болды. Ол үшін шағын ауданның жоспарына түзету енгізілемек. Ал тал-теректерді шапқан компанияларға орнына жаңасын егу міндеттелмек. «Қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу – баршамыздың парызымыз», – деп санайтын Евгений Лазарчук өз үйінде шырша, грек жаңғағы және өзге де көшеттердің 150 түрін өсіріп жатыр. Алдағы көктемде қала саябақтарына отырғызбақ.
Евгений Лазарчук, «Актобе, дыши!» қозғалысының жетекшісі:
- Көшеттерді сатып алуға қаражат жұмсамай-ақ ағаш өсіруге болады. Тал-теректердің тұқымын үйде отырғызып, көктем шыға саяжайларға көшіреміз. Егер әрбір азамат осылай жасаса, жағдай түзелер еді.
Айта кетейік, еріктілердің көмегімен қала аумағында былтыр 600-ге жуық ағаш отырғызылған болатын. Оның тұқымдары еліміздің әр аймағы мен Ресейден жеткізілген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев