Мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауды күшейтеді
Ал олар өздерінің шексіз мүмкіндікке ие екенін талай рет дәлелдеп жүр. Өздері кемтар болса да, олардың дөңгелетіп отырған кәсібі бар. Оған қоса өзгелерді де жұмыспен жарылқап отыр. Күні кеше Президент әлеуметтік бизнеске қолдау көрсету керектігін айтқаны белгілі. Бұл олар үшін жағымды жаңалық болды.
Оны Алматы облысы ғана емес, тұтас Қазақстан таниды. Аты-жөні «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарында жүр. Әрине, еңбектің арқасы. Көлік апатына түскен жігіт қазір қарыс қадам аттауы қиын болса да, қарап отырған жоқ. Мүгедектерді сауықтыруға арналған орталық ашып, талай адамның сауабын алып жүр.
Елдос Баялышбаев, спорттық сауықтыру орталығының директоры:
- Ауырмасам, басқа бағытта жүрер едім. Бірақ бұл бағыт адамдарға өте қажет. Өзімнің осындай бағытта жұмыс істеп жатқаныма өте қуаныштымын.
6 жыл ішінде Елдостың орталығында 600 адам ем қабылдаған. Арбаға таңылған 80 жан аяғына тік тұрып кетті. Тағы 200-дейі өзі отырып-тұра алатын халге жеткен. Қазір ол емдеу кешенін кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол кезде қарамағындағы қызметкерлері де, емделушілері де еселене түспек. Петропавлдан келген Азамат 6 ай бойы осы жерде ем қабылдап жүр. Оның да таудай арманы бар. «Алдымен аяққа тұрсам екен», – дейді.
Азамат Оспанов, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Елдосқа қарап, үлгі алып, басқа адамдарға көмектесейін деп жатырмын. Мүмкін Петропавлға қайтып, сондай орталық ашармын.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған бұл баспаханадағы өнімдерді мүмкіндігі шектеулі жандар басып шығарады. Баспа басшысы Жанардың өзі де мүгедек. Сондықтан өзі секілді жандарға қалай жағдай жасауды, олармен қалай жұмыс істеуді жақсы біледі.
Жанар Досымова, кәсіпкер:
- Өзіңнің мемлекетке қажет екеніңді сезіну біз секілді жандарға үлкен күш сыйлайды. Мемлекеттің мойнына артық салмақ салғымыз келмейді. «Кәсіп ашамын» деушілерге онсыз да көмегін аяп отырған жоқ. Өз басым талай рет қаржылай гранттарды жеңіп алдым.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың жалдамалы жұмысқа қарап отырмай, өз ісін бастауына қол ұшын созу біздегі стратегиялық міндеттің бірі саналады. Сондықтан мұндай жандарды қолдауға билік қашан да дайын.
Авторы: Шынар Асанқызы