Тың жоба: Қазақ тілді математика сайты ашылды
Бір ай көлемінде 23 мың тұрақты қолданушы тіркелген онлайн платформа материалдарын еліміздегі кез келген адам тегін пайдалана алады.
Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Нұрасыл Әбділданың математикаға қызығушылығы ерекше. Түрлі республикалық білім олимпиадасында үздік нәтиже көрсетіп жүр. Алдағы ғылыми ізденісін де сандық қатынастардың сырын тереңірек ұғынуға арнағысы келеді. Оған қажетті материалдарды қазірден жинақтай бастапты. Осы ретте өзінің ұстазы құрастырған қазақ тілді сайттың игілігін көріп үлгергенін де жасырмады.
Нұрасыл Әбілда, оқушы:
- Бұл сайттың ерекшелігі, бұрын келген емтихандарды өзіміз үйден қарап, алдын ала дайындала аламыз. Және тағы бір ерекшелігі, таңдаулы мұғалімдердің видеосабақтарын көріп, өзіміз үйден дайындала аламыз.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Ұлы Абай айтқандай, артық білім кітапта, ерінбей оқып көрсеңіз. Иә, «Ғылымдардың патшасы – математика» десек, әйгілі жерлесіміз Асқар Жұмаділдаевтың жолын қуған өрендер аз емес. Олар сапалы интернет ресурстардың аздығынан осы бағыттағы ғылыми негіздер мен түрлі қажетті материалды оқулықтан іздейтіні сөзсіз.
Қызылордалық мұғалімнің құрастырған жаңа математикалық сайты жалпы ізденушілердің ғылыми еңбектерге деген қолжетімділігін арттыра түсті. 600 оқулық пен бейнесабақтар енгізілген онлайн платформаның бір айдағы қаралымы 23 мыңнан асып кетті. Мұны мамандар интернет ресурстың сапалылығымен байланыстырып отыр.
Ел мұғалімдеріне ортақ сайтты жасап шығарған Мұхтар Бегайдаров – Сыр өңіріне белгілі волонтерлердің бірі. Ол бұл жобаны 2 жыл бұрын қолға алған екен. «Басты мақсат табыс табу емес, мұғалімдердің уақытын үнемдеп, қазақ тіліндегі материалдармен қамтамасыз етудің тиімді жолын ойлап табу болды», – дейді ол.
Мұхтар Бегайдаров, жоба авторы:
- Бастапқыда сыныпта тек өзім ғана тест жасайтын программамен айналыстым, тесттер жасадым. Бір кемшілігі – алыста жүрген мұғалімдер аша алмайтыны. Сондықтан осындай қиыншылықтарды жеңу мақсатында үлкен сайт болса, барлық мұғалім, оқушы пайдаланса деген идея туындады.
Мұғалімдер арасындағы республикалық білім сайысында да Мұхтардың идеясы үздік деп танылған. Бір қызығы оған баға берген сарапшылар да айтулы платформаны пайдаланушылар екен.
Жасұлан Сапарбаев, математика пәнінің мұғалімі:
- Оның ішінде қарапайым топқа бөлу, сөзжұмбақ құрастыру, сияқты сабақ барысында оқушылар қызығушылығын арттыратын түрлі дидактикалық материалдарды біріктіре алады. 2020 жыл Волонтерлер жылы деп жарияланса, бұл біздің әріптесіміздің қоғамға қызмет барысында жасаған үлкен бір жаңалығы деген ойдамыз.
Өткен жылы Мұхтар Бегайдаровтың шәкірттері математика пәні бойынша 20 зияткерлік мектеп арасында бірінші орын алыпты. Бұл еңбегін Білім және ғылым минстрлігі жоғары бағалап, алғыс хатпен марапаттаған. Ізденімпаз мұғалім алдағы уақытта да жаңашыл бастамаларын волонтерлік қызмет аясындағы игі шараларға арнауды жоспарлап отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев