Үкіметтік комиссия Қордайдағы үш күндік жұмысын қорытындылады
Қазір жаппай тәртіпсіздік, кісі өлтіру, бұзақылық, билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, заңсыз қару жасау деректері бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, Бас прокуратура құрған ведомствоаралық жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр екен. Жанжал кезінде өртеніп, бүлінген үйлерді қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жақын күндері басталады. Келтірілген шығын заңға сәйкес төленеді. Ал асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекет көмек береді.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазір жағдай қалыпты. Жанжал болған бірнеше елді мекенде дүкендер, дәріханалар, мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. Аухатты, Сортөбе, Масаншы ауылдарында тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Жол бойында өртенген көліктер алынып тасталды. Жұрт үйлеріне оралып, күнделікті тіршілігіне кіріскен.
Қырғыз еліне өтіп кеткен тұрғындар да қайта келе бастады. Кеше бір күнде 4 мың адам ауылдарына оралған. Бұл туралы үкіметтік комиссияның жетекшісі Бердібек Сапарбаев арнайы брифинг кезінде мәлімдеді. Жұмыс тобы үш күннен бері бес елді мекеннің 2 мыңнан астам тұрғынымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барып, көңіл айтып, көмек көрсетілді. Сондай-ақ сарапшылар шығындарды есептеп, тексеріп жатыр. Санақ бітсе, өртенген үйлер мен кәсіпкерлік нысандарды қалыпқа келтіру жұмыстары басталады. Оған жергілікті құрылыс компаниялары тартылады.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
- Егер кімде-кім үйді өзіміз салып аламыз дейтін болса, онда біз олармен келісімшартқа тұрамыз. Берілген қаржыны тек қана үй салуға жұмсау және өздері сол үйдің құрылысына қатысу жөнінде болады. Оған қосымша кәсіпкерлермен де сөйлесе бастадық. Осы елді мекендерден шыққан кәсіпкерлер шығандарды өтеуге өздерінің көмектерін жасайды. Олардың өздері де келіп айтып жатыр.
Сондай-ақ жергілікті жерде арнайы кеңес құрылды. Оның құрамында ауылдың ақсақалдары, беделді азаматтары мен зиялы қауым өкілдері бар. Комиссия мүшелері: «Мұндай келеңсіздіктің болуына ауызбіршіліктің жоқтығы мен көрші тұрған ауылдардың бір-бірімен етене араласпауы да әсер етеді», – деп отыр. Сондықтан мұндай мәселені болдырмас үшін беделді азаматтардың бірігіп жұмыс істеуі маңызды.
Айта кеткен жөн, 4 күннің ішінде дәрігерлердің көмегіне 141 адам жүгінген. Барлығына медициналық көмек көрсетілді. Қазір Қордай аудандық ауруханасында 13 азамат жатыр. Оның екеуі жансақтау бөлімінде. Емдеуге Алматыдан үздік деген дәрігерлер шақыртылған. Қақтығыс салдарынан 10 адам қайтыс болды. Қазір ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай сақталған. Құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмысын жалғастырады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә