Павлодарлық белсенді жастар кешенді жоспар әзірлеуде
Бүгінде аймақта 16 мыңнан астам ерікті бар. Өткен жылы олар 150-ден астам шара ұйымдастырып, көмекке зәру жандардың алғысын алған болатын.
Ақкөңілділер клубының мүшелері аптасына екі рет тегін нан таратады. Аймақтың наубайшылары 400-ден астам бөлкені тегін ұсынады. Былтыр жастар 500-ге жуық қайырымдылық акциясын өткізіп, еліміздің «Үздік волонтерлік жасағы» атанған. «Басты мақсат – жұртшылықты қайырымдылыққа шақыру», – дейді олар.
Нұр Смайылов, волонтер:
- Кәсіпкерлердің қолдауына иеміз. Тегін нан тарату арқылы қарапайым іс жасап, жастарды соған шақырғымыз келеді. Бұл акция Екібастұз, Ақсу қалаларында және шіркеулер мен мешіттерде ұйымдастырылады.
Әлішер бекжан, волонтер:
- Волонтерлік – өмірімнің ажырамас бөлігі. Қайырымдылықпен айналысып келе жатқаныма үш жыл болды. Мүгедектер, жалғызбасты қарттар, әлеуметтік мекемелердің тұрғындарына көмектесемін.
Әлеуметік волонтер болу оңай емес. Кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сол себепті волонтерлік орталық мамандары бұл іске жауапкершілікпен қарап, іріктеу өткізуде. Бүгінде «бұл бағытқа бет бұрсам» дегендер баршылық. Олардың қатарында 17 жасар Анатолий Захаров та бар.
Анатолий Захаров, студент:
- Әлеуметтік волонтер болғым келеді. Әрине ол үшін білім алып, тәжірибе жинақтау керек. Сол үшін осында келдім.
Саягүл Серікбекқызы, волонтерлік орталық жетекшісі:
- Қазіргі таңда өңірімізде 16 мыңнан астам ерікті бар. Ең басты мақсаттарымыздың бірі – еріктілердің санын одан әрі көбейту. Егер жастар волонтерлер қатарына қосылғысы келсе, біздің орталыққа жазылуына болады. Біз оларды оқытамыз.
Әлеуметтік, спорттық, экологиялық, корпоративтік, арт-волонтерлік. Биыл еріктілер осы бағыттарда ауқымды шаралар ұйымдастырып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий