Түркістан облысындағы Төлеби ауданының 9 елді мекеніне табиғи газ берілді
Көгілдір отынға қол жеткізген Тасарық, Жамбыл, Ханарық, Оңтүстік, Майбұлақ, Қаратөбе, Қостөбе, Балдыберек және де Төңкеріс елді мекендерінің тұрғындары: «Бұдан былай көмір тасып, күл шығарудан құтылатын болдық», – деп қуанып отыр. Бұл ауылдарға газ тарту үшін республикалық бюджет есебінен 1млрд 988 млн теңге қаражат бөлінген. Қазір Төлебиде жалпы алғанда 55 елді мекен болса, соның 7 ауылы әлі де көгілдір отынмен қамтылмаған.
Салтанат Ембердиева, Тасарық ауылының тұрғыны:
- Бұрын от жағатынбыз. Әрине, қатты отынның қымбат екенін білесіздер. Үйге жоқ дегенде 5-6 тонна кетеді. Одан кейін күл шығару сияқты басқа да қиын жұмыстар бар ғой. Ағаш та керек. Жұмысымыз жеңілдеді. Газдың тартылғанына өте қуаныштымыз.
Бауыржан Омарбеков, Төлеби ауданының әкімі:
- 9 елді мекен газға қосылғаннан кейін Төлеби ауданының газбен қамтамасыз етілуі 83% құрайды. Бізде қазір газға қосылмаған 7 елді мекен бар. Олар: Қасқасу және Қоғалы ауыл округтері. Осы 7 елді мекенді газбен қамту үшін биыл құрылыс жұмыстарына тиісті қаражат бөлінеді деп күтілуде. Осы жыл жұмыстарды аяқтап жатқан болсақ, Төлеби ауданы 100% газбен қамтылған аудандар қатарына қосылатын болады.