Бір ауылдан 75 жылқы жоғалды
Бір ғана Қалжыр ауылдық округінен жылқы үйірімен жоғалып жатыр. Бірақ бүгінге дейін бірде-бір мал табылмаған. Тұрғындардың айтуынша, аудандық полиция мен прокуратура қызметкерлерінде пәрмен болғанымен, ұрлыққа келгенде дәрмен жоқ.
Елдің шетінде, желдің өтіндегі Қалжыр ауылының халқы тек төрт түлікпен күнелтіп келеді. Алайда соңғы 3 жылда мал мен жаннан маза кетті. Өткен күзден бері алақандай ауылдан 75 жылқы жоғалған.
Қуаныш Миязов, Қалжыр ауылының тұрғыны:
- Үйірден 5 басты алып кетеді. Ауылдан қанша мал шығып жатыр. Жылда осы қайталанады. Қалжыр ауылының тұрғындарын осы ұрлық құртты.
Айымгүл Ерманованың екі жылқысы екі кештің арасында қораның қасынан жоғалған. Мал иесінің айтуынша, кейбір жоғалған малдың ауылға кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ. Халық осыған аң-таң.
Айымгүл Ерманова, Қалжыр ауылының тұрғыны:
- Ұшы-қиыры жоқ недеген ұрлық?! Полицияға арыз жаздық, ешқандай нәтиже жоқ. Ауылда осы малмен күн көріп отырмыз.
Халық жоғалған малды полиция қызметкерлері ізін суытпай іздеуге кіріспейтініне қынжылады.
Олжас Керейхан, тілші:
- Марқакөл мен Күршім өңіріндегі жылқы жыл он екі ай тебінде болады. Бірақ соңғы бірнеше жылда ұрлық көбейгендіктен, халық күндіз жайып, түнде қораға қамауға мәжбүр. Бірақ ұрылар қас пен көздің арасында қолды қылады.
Аудандық полиция бөлімінің қызмектерлері: «Халық малды бақпайды, байламайды», – деп айыптап отыр. Дегенмен соңғы 2 жылда жалпы барымта 30% азайыпты.
Серік Манапов, Күршім аудандық полиция бөлімінің бастығы:
- Мал иелері өз малдарын қармайды, өздері жаймайды, не бақташы жалдамайды. 12 жиналыс өткіздік. Азаматтарға, тұрғындарға мал жаю мәселесін айттық. 269 мал айыппұл тұрақтарына жабылды. Оның 81-ін әкімшілік жауапкершілікке тарттық.
Ұрлық-қарлықты тыю үшін полиция қызметкерлері Бұқтырма су қоймасындағы өткелге кезекшілік ұйымдастырған. Бірақ одан әзірге нәтиже болмай тұр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов