1 наурыздан бастап көктемгі әскерге шақыру науқаны басталады
Осы жылы 34 мыңнан аса азамат қамтылмақ. Үміткер көп. Соған сай іріктеу де қатал. Бірақ бозбалалар арасында майтабан, омыртқасының қисық бітуі секілді аурулар жиі кездеседі екен. Әсіресе мамандар жігіттердің басым бөлігінің көру қабілеті нашар екендігін айтады. Оның бір себебін ұялы телефонды көп пайдалануымен байланыстырады Жалпы қазіргі әскер жасындағылардың денсаулығында ақау көп. Жігіттердің басым бөлігі Қарулы күштер сапына алынса, қалғаны ішкі әскер, шекара, «Ұлан» мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты бөлімдерге бөлінеді. Айта кетейік, Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартатындарға айыппұл да күшейеді.
Сергей Кузнецов, ҚР ҚК Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары:
- Әскерге іріктеу үшін өңірлердегі Қорғаныс істері жөніндегі департаменттерде комиссия құрылып жатыр. Негізгі талап бұрынғы қалыпта. Мәселен, десанттық шабуылшы болғысы келетіндердің ең алдымен физикалық дайындығы ескеріледі. Спортшыларға, бойы ұзындарға басымдық беріледі.