Елордалық дизайнер ерекше туындысымен көзге түсті
Көптің көңілін аударған бұл қандай туындылар?
Бар-жоғы 8 картина Алмаздың әлеуметтік желідегі танымалдығын арттырды. Осыдан 10 күндей бұрын қиялынан туған суреттерін Instagram парақшасына жүктеген. Көпшілік елең етті. Өйткені мұндай туындыны бұрын-соңды көргендер аз. Оның ерекшелігі сол, елордадағы ғимараттарға ертегідей ерекше келбет берген.
Алмаз Дүйсебаев, дизайнер:
- Жердің астында осындай болуы мүмкін екендігін былтыр америкалық және Ресей дизайнерлерінен көріп қалдым. Біздің қалада көп қой деп, уақыт болғанда алдым да қоя салдым. Бәріне ұнап кетті.
Алмаз шабыты келсе, ерекше туындыларын екі-ақ сағат ішінде салып тастай алады. Ол суреттерін қылқаламмен емес, компьютердің көмегімен қағазға түсіреді. Ешқашан тақырып таңдамайды, тек қиялына ерік береді.
Алмаз Дүйсебаев, дизайнер:
- Не ойыма келеді, соны жасаймын. «Хан Шатыр» сауда орталығы ең басында маған НЛО сияқты көрінетін. Соны спутник сияқты қоя салдым.
Жуырда ғана Алмаз жаңа туындысын дүниеге әкелді. Идея оған теледидар көріп отырғанда тосыннан келіпті. Фильмдегі ерекше картинаны көзі шалып қалған ол сол көріністі дереу компьютерге түсіріп үлгереді. Терезе алдындағы аруды бейнелейтін бұл туындысы болашақта өз бағасын алатынына сенімді.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Гүлназ Асан, Аманжол Байғазин