Хабар телеарнасы

Әкелердің декреттік демалысына кеткен уақыты еңбек кітапшасына қосылады

Қазақстанда әкелердің де бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаны жұмыс өтілі ретінде саналуы тиіс. Конститутциялық Сот жуырда осындай қаулы шығарды. Сотқа жүгінген ер азаматтың арыз-шағымын қабылдап, әкелердің де декретте отырған жылдар еңбек кітапшасында жазылуы керектігін растады. Қазір елімізде бала күтімі бойынша демалыста отырған әкелер жоқ емес. Бұған қоғам пікірі қандай? 

Данияр Сафин – екі баланың әкесі. 1 жасар Айлин мен 5 жастағы Дамирді ол 3 ай бойы өзі бағып қаққан. Тамағын беріп, ойнатып, балақайлардың көңілін тапқан әке бұл қадамға неге барғанын былай түсіндіреді.

Данияр Сафин, қала тұрғыны:

- Келдім де көрдім, Айдана ұрысып жатыр балаларға. Бір рет көрдім, екі рет көрдім, үш рет көрдім. Сосын: «Жарайды, шаршаған шығарсың үйден»,- деп айттым. Өйткені таңертеңнен кешке дейін ол үйде екі баламен отырады. Далаға да шықпайды. Далаға шықса, екі баламен ғана шығады. Мен демалыссыз жұмыс істедім. Сенбі, жексенбі демалмадым. Сосын «жарайды, мен отырайын», - деп айттым.

Ал Даниярдың жары Айдана Сафина осы аралықта әлеуметтік желідегі жұмысын дамытып, табысын арттырып үлгерген. Күйеуі балалар күтімін өз мойнына алғанда «жауапкершілік жүгі жеңілдеп, тереңірек тыныстадым»,-дейді.

Айдана Сафина, қала тұрғыны:

- Ауырып қалса да үйде әйел қарайды. Тамағын да әйел істейді. Олай болмау керек деп ойлаймын. Әкесі де, мамасы да бірдей қарау керек. Әке де жұмыс істеп жатады, әйел де жұмыс істеп жатады. Бірақ әйел үлгереді, балаға да үлгереді. Қазіргі қоғамда бізде жастар өзгерді деп ойлаймын. Бұрынғыдай біздің ата-анамыздың кезіндегідей жоқ. Ер-адамдар көмектесуге дайын. Жай ғана одан көмек сұрау керек.

 

Бүгінде Данияр қайта жұмысқа оралды. Ол балаларымен бірге өткізген уақыт отбасындағы берекені арттыра түскеніне сенімді.

Алайда қоғам декреттегі әкелерге жылы қабақ таныта бермейді деген ұғым бар.

600-ге жуық қолданушының 63%-і декретке тек әйелдер, ал 31%-і келісімге қарай десе, еркектердің отыруын тек 7 % азамат құптаған.

Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдер саны белгілі болса, еркектерге қатысты санақ жүргізілмейді. Расымен, бұл декретке ерлер саны көп емес екенін көрсетеді. Ал психолог Лимана Қойшиева статистиканың аздығы – қазақ қоғамы үшін қалыпты жағдай,-дейді. 

Лимана Қойшиева, психолог:

- Баланың қуанғаны, баланың жылағаны, алғашқы күлгені, жымиғаны – осы нәрсенің барлығын осындай тәтті кезеңдерінің барлығын өткізді де, олардың отбасылық махаббаты, жылулығы, құндылығы арта түсті деп айтуға болады. Сондықтан да бізде әкелерді декретке шығарып жатса, ер адамның тірлігі емес деген сөзді айтпауымыз керек деп ойлаймын.

Баланың сәби шағында көргені жадында мәңгі сақталады. Сондықтан баламен бірге уақыт өткізу – ата-ана үшін ортақ міндет. 

Дана Әлиева, Диас Ковланбаев