Қызылорда облысындағы көпір құрылысы қашан аяқталады?

  • 137
  • 26.03.2025, 18:45

Қызылорда облысында Сырдария өзенінің үстінен салынып жатқан көлік көпірінің құрылысы тоқтап тұр. Жоба бойынша нысан былтыр пайдалануға берілуі керек еді. Тұрғындарды сарыла күттірген «сақалды» құрылыс қашан аяқталады? 

Дарияның арғы бетінде оннан астам ауылда 15 мыңдай адам тұрады. Тұрғындар аудан орталығына жылдам жету үшін осы қалқымалы көпірмен өтеді. Бірақ күз, көктем айларында бұл жердегі қатынас үзіледі.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

-Мына мен тұрған жерде қалқымалы көпір болған, ал қазір оның орнында мынадай үлкен мұз жатыр. Қазір дариямен сең жүруде, сондықтан өткелді жиекке шығарып қойған. Мамандардың айтуынша, енді арғы беттегі тұрғындар 60 шақырым жердегі айналма жолмен қатынайтын болады. 

Қазір қалқымалы көпір қайта орнатылып жатыр. Қарлан ауылының тұрғыны Сағымбай Керекеевтің айтуынша, бұл жерге понтон 1960 жылдары қойылған. Оған дейін тұрғындар қайық пен поромды пайдаланған. Ал үш жыл қолға алынған темірбетон көпірдің құрылысы тоқтап тұр.

Сағымбай Керекеев, Қарлан ауылының тұрғыны:

-Ажар, Кәукей, Бозкөл, Қожабақы, Бірлік, Өркендеу, Тасарық, Лақалы, Аранды деген ауылдар бар. Бірталай ел бар. Ол жақта тұрғындар отыр ғой енді, халық көнеді ғой, неге көнбей жатқан халық. Осыған үміт артып отыр, енді 1-2 жылда бітсе дейді осы көпір. 

Мамандардың айтуынша, көпір құрылысының тек 20% аяқталған. Мердігер мекеме міндетін тиісті талапқа сай орындамағандықтан, келісімшарт сот шешімімен бұзылған.    

Жәнібек Сыздықов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

-Биыл 2025 жылы қайтадан конкурстық жұмыстар өткізілді. Мердігер мекеме анықталды. 2025 жылдың алдағы сәуір айында құрылыс жұмысын толық бастау күтілуде. 2025 жылдың аяғына дейін көпірді береміз деп күтіп отырмыз.  

Жоба бойынша екі жолақты көлік көпірінің ұзындығы 248, ені 9 метр болады.
  
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев