Хабар

Қара теңіздегі қауіпсіздік мәселесі шешіле ме?

АҚШ Сауд Арабиясында өткен келіссөз нәтижесінде Ресей мен Украинамен Қара теңіздегі шабуылдарды доғару, кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уағдаласты. Алайда Мәскеу бұл шарт Ресейге салынған санкцияның бір бөлігі алынып тасталғаннан кейін күшіне енетінін мәлімдеді. 

АҚШ делегациясы жексенбіден бастап Украина және Ресей өкілдерімен бөлек келіссөздер өткізген. Нәтижесінде Ақ Үй әкімшілігі Қара теңізде күш қолданбай, кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы келіскенін жариялады. Алайда бұл шарттың нақты қалай орындалатынына қатысты сауал көп. Украина тек теңізде ғана емес, кеме қатынасына қатысты инфрақұрылымға да шабуыл жасалмауы тиіс деп санайды.
 
Владимир Зеленский, Украина президенті:   

-Одан бөлек АҚШ тарапымен инфрақұрылым жөнінде сөйлескеніміз маңызды. Осы мәселені ұзақ зерттедік. Мәселен, элеваторларымызды зымырандармен атқыласа, бидайды қалай тасымалдаймыз? Америкалықтардың пікірінше, теңізде атыс тоқтату және еркін кеме қатынасы айлақтардың инфрақұрылымына соққы жасауға болмайтынын білдіреді.  

Ресей тарапы да өз талаптарын қойып отыр. Ең алдымен, халықаралық азық-түлік саудасына қатысатын «Россельхозбанк» пен өзге қаржылық ұйымдардан санкциялар алынып тасталуы керек дейді. Сондай-ақ Ресейге ауылшаруашылық техникасын жеткізуге салынған шектеудің күшін жоюды сұраған. 

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

-Президентіміз айтқандай, біз «Қара теңіз бастамасын» қолдаймыз. Бұл мәселе Эр-Риядта басым бағыт ретінде кеңінен талқыланды. Ұстанымымыз қарапайым. Құр сөзге сенбейміз, бізге нақты кепілдіктер керек.

Дональд Трамптың мәлімдеуінше, АҚШ әкімшілігі Ресей талаптарын қарастырады. Ақ Үйде өткен тілшілермен кездесуінде, осындай бес-алты шарт барын және олардың талқыланып жатқанын айтқан.  

Авторы: Бекболат Тұрмаханов