Атамекен кентінде заңсыз мотоциклдер көбейген

  • 39
  • 24.04.2025, 18:48

Көктем шыға Павлодарда мототицкл тізгіндейтіндер саны көбейген. Қала жанындағы Атамекен кентінің тұрғындары шағым түсірді. Дарылдаған мопед пен мототицкл даусынан түні бойы көз ілмейміз, - дейді. 

Ауыл ішінде ерсілі-қарсылы жүйткіген мотоцикл, мопедтер тұрғындардың жүйкесін әбден тоздырған. Атамекен ауылының тұрғындары түнде ұйқы көрмейміз, - дейді. Орталық көшеде тұратын Илял Рахымов егде жастағы адамдар мен жас балалардың өміріне алаңдаулы. Бұлай жалғаса берсе, далаға шығудан қаламыз, - дейді ол. 

Илял Рахымов, Атамекен кентінің тұрғыны:

- Дар-дар еткізіп зырылдатып өтеді, тоқтамайды. Енді осы көшенің бойында балалардың алаңы бар. Ол жерде жол кедергісі жоқ. Тоқтамайды, сол жермен ағып өтеді. Бір жолы менің қарамалым бар еді, соны келіп соқты. Міне, көршім бар қасымда, көрді соны. 

Бұл түнгі серуен. Ауыл адамдары мотоцикл тізгіндегендерді камераға да түсіріпті. Шырт ұйқыда жатқан шудан шошып оянатын болған. 

Қанат Мекебаевтың осы мәселені көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Әзірге нәтиже жоқ, - дейді ол.

Қанат Мекебаев, Атамекен кентінің тұрғыны:

- Бес-алты мотоцикл қаздай тізіліп өтеді. Дарылдаған дауыстар бүкіл көшеге естіледі. Ең бастысы, бұл техниканың бәрі бізге қосалқы бөлшек түрінде келеді. Осы жерден құрастырып, сатады. Тиісті құжаттары бар-жоғын да білмейміз.

Ауылда мопед пен мотоцикл тізгіндеп жүргендердің көбі жасөспірімдер. Кейде заңға қайшы келетіндерін өздері де растап отыр.

Жасөспірім:

- Қорапқа салынып, Қытайдан бөлшек күйінде жеткізіледі және сол жақтан  кедендік рәсімдеуден өтіп келеді. Құжаттары толық болғанымен, біреуі жетпей жатса, тіркеуге алынбайды. Бұл енді бізге байланысты емес. Мен де бәрінің заңды, талапқа сай болғанын қалаймын.

Ринат Шәріпов, полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Мопед, мотоциклін тіркеуге қоймаған адамдарға қатысты әкімшілік хаттама толтырылады. Ал көлік айыппұл тұрағына қойылады. Мотоциклды басқару үшін  жүргізуші куәлігі қажет.

Ауылда екінің бірі тізгіндейтін мотоциклдердің бағасы арзан емес. Соған қарамастан, ата-аналар ақшасын аямайды. Ал куәліксіз, еш жерде тіркелмеген көлікті жүргізген жасөспірім өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков