Елордада 200 жас отбасы баспаналы болды

  • 33
  • 24.04.2025, 18:37

Астаналық 200 жас маман үйлі болды. «Елорда жастары» бағдарламасымен үй алғандардың қатары артып келеді. 

Естеріңізге сала кетейік, 5 жыл бұрын қалалық әкімдік жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарламаны іске қосқан еді. Оған іліккендер 5 жыл бойы жалдамалы тұрғын үйде тұрып, тек коммуналдық қызмет ақысын төледі. Соның арқасында олар алғашқы жарнасын жинап, баспананы жеңілдікпен сатып ала алды.

Қамажан Смайылова мен оның отбасына бұл бағдарлама күтпеген мүмкіндік сыйлады. Екеуі қатар жұмыс істесе де неше жыл жалдамалы пәтерде тұрды. Екі бірдей баласын асырау үшін еш жұмыстан тартынған емес. Десе де жалақылары баспана алуға жетпейтін. 

Қамажан Смайылова, қала тұрғыны:

- 5 қаңтарда тізім шықты. 1000 адамнан біз 998-ші болдық. Біз мұны таңғы 5-те естідік. Жолдасым қатты уайымдады. Бір уақытта айқайлап жіберді. Біз тізімдеміз, біз тізімдеміз, - дейді. Қарасақ, мыңның ішінен алғашқы боп тұрмыз. Біз бұл – мүмкіндік, бұл – үлкен бақыт деп жорыдық. Біздің несиеміз көп болды. Бәрін реттеп, 2 жыл ішінде ақша жинадық. Міне, биыл осы жастарға арналған бағдарлама арқасында пәтерлі болып жатырмыз. 

Бұл бағдарламаны жас мамандар үшін Астана қаласының әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп әзірледі. «Елорда жастарының» несие сомасы 20 млн теңгеге дейін болса, бастапқы жарнасы – 10%. Қатысушалыраға 5%-ке дейін жеңілдетілген несие ұсынылады. Несиелеу мерзімі 19 жылға дейін. Жас мөлшері өтінім берген кезде 35 жасқа толмаған болу керек. 

Жанар Ізімбетова, «Отбасы банк» АҚ Орталық филиалының директоры:

- Егер жалға алушы тұрғын үйді 20 миллионнан жоғары ақшаға сатып алу туралы шешім қабылдаса, онда ол сумманы банк береді. Ал айырмашылықты өзі төлейтін болады. Яғни ешқандай шектеу жоқ. Баспананы салынып жатқан нысаннан да, ескі үйден де, жаңа үйден де ала алады.

Қазір «Елорда жастары» бағдарламасына қосымша мүмкіндіктер енгізілуде. Енді тұрғын үйді Астанадан ғана емес, Қосшы қаласынан, сондай-ақ қала маңындағы ауылдардан да сатып алуға болады.

Құралай Жұмахан, Аманжол Байғазин