Қыркүйектің соңғы жексенбісі – машина жасаушылар күні

  • 9
  • 26.09.2025, 19:42

Өндіріс көлемі 4,8 трлн теңгеден асып, өсім 10% жоғары болған. Әсіресе локомотив өндірісінде көрсеткіштер жақсы. Былтыр 124 локомотив құрастырылып, рекорд жаңарды. Ал биылғы жоспар қандай? 

Мына алып техника жүздеген жұмысшының маңдай терінің жемісі. Егер де машина құрастырушылар болмаса, бірде бір пойыз жүрмес еді.

Сол еңбек иелерінің бірі локомотив құрастыру зауытында 5 жылға жуық жұмыс істеген Ерасыл Құрбанов. Қызметін қатардағы слесарь-механик боп бастаған жігіт, бүгінде жетекші инженер. Ол өндірістен шыққан әр локомотивтің қауіпсіздігін жеке қадағалайды.

Ерасыл Құрбанов, жетекші инженер технолог:

-Біздің ең бірінші мақсат ол тепловоздарды технологиялық процеске сай жинау және де біздің міндет жұмыскерлерді сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, технологиялық карталарды жазу. Қысқаша айтқанда біз тепловозды сапалы және уақытылы жинау үшін жұмыс істейміз. 

Тек өткен жылы 124 локомотив құрастырылған, бұл ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Ал биыл жыл соңына дейін 69 локомотив шығарылуы тиіс.

Рауан Дөнсебаев, локомотив құрастыру зауыты маркетинг және сату бөлімінің басшысы:

-Біздің зауытта жаңа технологиялар қолданылатын тепловоздарды шығарамыз. Қазіргі таңда біздің зауыт 675 тепловоз шығарды. Бүкіл Қазақстан еліндегі, ТМД елдеріндегі жалғыз зауыт. Біз осы таңға дейін 39 тепловозды экспортқа жібердік. Осы келесі аптада 3 тепловозды Өзбекстан еліне жібереміз.

Қазір Қазақстан локомотивтері елімізбен қатар, Моңғолия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Молдова теміржолында қатынап жүр. 

Төреәділ Әбдірахманов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитеті ауыр машина жасау және электротехника басқармасының басшысы:

-Ауыр машина жасау саласына 2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 23 млрдқа инвестиция салынды. Қазіргі таңда бизнес өкілдері жаңа зауыттар ашумен және қолданыстағы зауыттарды модернизациялауға өте қомақты кірісуде. 

2027 жылға қарай елде жылына 118 локомотив құрастырылмақ. 2028 жылдан бастап отынды үнемдейтін жаңа қатынас құралы шығарылады. Ал машина жасаушылар күні дәл осы үлкен жоспарды жүзеге асыратын мамандарға деген құрмет.

Дана Әлиева, Самат Оспанов