Қызылорда облысындағы көпір құрылысы қайта жанданды

  • 5
  • 14.11.2025, 19:46

Қазір жаңа мердігер жұмысқа кірісті. Көптен күткен көпір ел игіліне қашан беріледі?  

Сырдарияның арғы бетінде 10 елді мекен бар. Аталған ауылдарда шамамен 15 мың адам өмір сүреді. Олар негізінен мал бағып, егін егіп күн көрсе, аймақтың тарихи ескерткіші Жанкент қалашығы да осы жақта орналасқан. Қазіргі таңда тұрғындар екі тарапқа жалғасқан жолды тек қалқымалы көпір арқылы пайдаланып жүр.

Ордабай Төлегенов, Бірлік ауылының тұрғыны:

-Біздің потонный мост жауын күндері, батпақ күндері үлкен көліктермен өтуге өте қиын. Сондықтан мына Әлсейіт жағымен айналады. Осы жақтан 60 шақырымдай қашықтығы бар. 

Көптен күткен автокөлік көпірінің құрылысы қайта жанданып, жаңа мердігер топырақ үйіп, бетон тіреуіштерін тұрғызып жатыр. Мамандардың айтуынша, қаржы мәселесі толық шешілген.

Алмасбек Есмаханов, Қазалы ауданының әкімі:

-Бұрынғы құрылысты бастаған жосықсыз мердігер сот арқылы жосықсыз деп танылып, қазіргі мердігер анықталып, жоба құны 6 млрд 746 миллион теңгені құрайтын «Қарлан» көпірінің құрлысы қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Биыл 758 миллион теңге қаражат бөлінді. Өткенде біз барып, құрылыс нысанының жұмыстарымен таныстық.
  
«Жоба бойынша екіжолақты автокөлік көпірінің ұзындығы 248, ені 9 метр болады»,– дейді мамандар. Қүрылыс жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев