Банктер туралы жаңа заңның әзірленуі нарықтың серпінді дамуына ықпал етті

  • 6
  • 14.11.2025, 19:45

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова XIII Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі барысында айтты. Базель қағидаттары елдің банк жүйесін қауіпсіз, тұрақты және сенімді етуге бағытталған. 

«Бүгінде Қазақстанның қаржы саласы тұрақты өсіп келеді және ел экономикасына қомақты үлес қосуда»,– дейді сарапшылар. Қаржы ұйымдарының жиынтық активтері биыл жыл басынан бері 9% артып, 75 триллион теңгеге жетті. Банктер туралы жаңа заңның әзірленуі нарықтың серпінді дамуына ықпал етті. 

Мадина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы: 

-Жаңа заң банктерді реттеудің заманауи жүйесін қалыптастырады. Ол қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бәсекелестікті дамытуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл үшін халықаралық деңгейде мойындалған ең үздік стандарттар мен тәжірибелер қолданылды.

Заң жобасы банктерге қаржы-технологиялық-компанияларға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Бұл банктерге жаңа қаржылық өнімдер жасауға, заманауи технологияларды енгізуге және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі. Жаңа заң аясында Қазақстанда банктерді қадағалаудың заманауи тәсілдеріне өту аяқталып келеді.

Мадина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы: 

-Банк секторын реформалауда 2024 жылы Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк жүргізген Қаржы секторын бағалау бағдарламасының қорытындылары ескеріледі. Қазақстан 29 Базель принципінің 22-сіне сәйкестік көрсетіп, жоғары баға алды.

Агенттік бәсекелестікті күшейтіп, нарыққа жаңа ойыншылардың кіруіне жағдай жасайды. Екі жаңа банк лицензия алды, шетелдік инвесторлардың келу мүмкіндіктері кеңейтілуде. Несие беру және тұтынушыларды қорғау шаралары қаржылық қызметтерді қолжетімді етуге бағытталған.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев