Енді автокөлік салығы жаңа ережемен есептеледі

  • 7
  • 12.01.2026, 21:48

Зауыттан шыққанына 10 жылдан асқан көлік иелері салықты 30% аз төлейді. Ал 20 жылдан асқан темір тұлпар тізгіндегендер 50% жеңілдікке ие. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы субьектілерінің бір жеңіл техникасы бұл міндеттен босатылады. Биыл қазақстандықтар 2025 жылдың салығын төлейді. Сондықтан тұрғындар жаңа ереженің игілігін келесі жылы көреді. Мысалы, Алматы қаласында өткен жылы 764 мың автокөлік тіркелген. Оларға 22 миллиард теңгеге жуық салық есептелген. Оны 1 сәуірге дейін төлеулері керек. Болмаса, өсімпұл қосылады. Қазіргі таңда алматылықтардың көлік салығы бойынша қарызы 4,3 млрд теңгеге жетіпті. Бір борышкердің берешегі тіпті 22 млн теңге. Оны өндіріп алу ісі жеке сот орындаушыларына жүктеледі. 

Қанағат Күлімбаев, қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

-Бірінші кезекте бұларға хабарлама жібереді. Одан кейін өзінің заңды уақытынан кейін салық бұйрығы шығады. Ол салық бұйрығы да жеке тұлғаларға жіберіледі. Одан кейін барып бұл жеке сот орындаушыларына жіберілетін болады. Одан кейін ары қарай жеке сот орындаушылары өздерінің жұмыстарын атқарады.