Таразда «Ұлттық ұлан» сапында 8 қырлы талантты сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Жауынгердің бірі 7 тілді меңгерсе, енді бір 5 тілді жетік білетін полиглот. Сарбаздар қатарында спорт шеберлері мен журналист және хореограф та бар. Барлығының мақсаты – жас буынға үлгі болып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеу.
Ағылшын тілінде емін-еркін диалог құрып отырған мына сарбаздар 5513 әскери бөлімінде борышын өтеп жүр. Бахтиярхан Тұрсынходжаев 7 тілді меңгерген полиглот. Әкесі әзербайжан, анасы өзбек ұлтынан болғандықтан қостілді отбасында меңгерген. Ал қазақ пен орыс тілін мектеп қабырғасында үйреніпті. Оған қоса түрік тілін де жетік біледі. Жастайынан Еуропаның 10 елін аралап, ағылшын мен француз тілінде де сөйлеуді үйренген. Сарбаздың мұндай қабілетін байқаған Ұлттық ұлан басшылығы келісімшарт бойынша жұмыс ұсыныпты.
Бахтиярхан Турсынходжаев, 5513 әскери бөлімінің қызметкері:
- Француз тілі мен испан тілін бірге қосып үйренуге барып жатырмын. Сменде сондай ұсыныстар болды тіл жағынан. Осы ұсыныстарды қабылдадым. Енді қазір меңгеріп, өзімді күшейтіп бару – мақсатым. Аудармашы болып жұмыс істейсің. Мысалы, басқа елге шығамыз, болмаса басқа қалаларға барасыз, сонда қасымызда жүресің, сол тілмен сөйлесесің деген ұсыныстар болды. Алла қаласа, ол да қолымнан келеді.
Бақытжан Тыныбеков әскер қатарына Алматы қаласынан келген. Ол қазақ, орыс тілінен өзге ағылшын, неміс және кәріс тілін біледі. Ал қызылордалық Нұртілеу Әли болса, жуналист. Әскерге алынардан бұрын «Сыр дидары» редакциясында жұмыс істеген. Бексұлтан Наурызұлы болса, Алматы қаласындағы «Салтанат» ән-би ансамбльінің кәсіби хореографы. Сарбаздар сапында спорт шеберіне үміткерлер де бар. Нұрдәулет Ахмет 8 жасынан бастап грек-рим күресімен айналысқан. Ол Жамбыл облысы мен республиканың бірнеше дүркін чемпионы.
Нұрдәулет Ахмет, сарбаз:
- Менің армияға келуімнің бірден бір себебі – менің бойтүзерім әкем. Әкемнің армияда 1988-1989 жылдары Ресей мемлекетінің Хабаровск қаласында борышын өтеген суреттерін, армиядағы өмірін естіп өсіп, өзімнің жасым жеткеннен кейін армияға келуді шештім. Әскери бөлімшелердің арасында да жарыстар өткізілетінін ескертті. Маған ол туралы хабарлады. Мен алдағы уақытта осы 5513 әскери бөлімінің атын шығарсам деген үмітім бар.
Талантты сарбаздарды әскери бөлім басшылығы да қолдауға дайын. Спортшылар әскерилер арасындағы сайыста өңір атын қорғаса, қабілетті жауынгерлерге арнайы үйірмелер ашылған. Мысалы, биыл би, көркем өнерпаздар мен көркем сөз оқу үйірмесі жұмысын бастады. Ол жерде білікті сарбаздар, қатардағы жауынгерлер мен әскерилердің балаларына дәріс өтеді.
Алдияр Омарбаев, 5513 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары:
- Патриоттық сезімдері оянып, «Қазақстан Республикасына қызмет етеміз» деген сарбаздарды біз қуана қарсы аламыз. Бұл таланттар жай ғана қалмайды. Оларды шыңдаймыз. Тіл мамандары өздерінің мақалаларын жазып, штаттан тыс тілші болады.
Осындай білімді, өнерлі және спортқа жақын сарбаздар бүгінгі әскердің бейнесіне айналып отыр. Олар Отан алдындағы борышын адал өтеп қана қоймай, өскелең жастарға тәртіпті, білімді әрі патриот болудың үлгісін көрсетіп жүр.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә