Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Нәтиже қандай көрсеткіш көрсетті? Қанша азамат дауыс беруге қатысты?
Республикалық референдум комиссиясының мәліметінше елдегі дауыс беру құқығы бар 12 миллионнан астам азаматтың, 9 127 192-сі, яғни 73,12 %-і өз таңдауын жасаған. Референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны 7 миллион 954 мың 667 адам, яғни 87,15%.
Республикалық референдумның алдын ала нәтижесі:
Қатысуға құқығы бар – 12 482 613 адам
9 127 192 адам – 73,12% дауыс берді
7 954 667 адам – 87,15% қолдады
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:
- Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдердің саны 127 868-ді құрады. Белгіленген үлгідегі, сондай-ақ дауыс бергендердің ерік білдіруін айқындау мүмкін емес және жарамсыз деп танылған бюллетеньдердің саны 146 558-ді құрады.
Саяси науқанға арнайы келген байқаушылар референдумның заң аясында өткенін және жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Ерекше жандардың өз таңдауын жасауына да бар жағдай жасалған. Әрі ең бастысы, дауыс беру күні айтарлықтай заңбұзушылықтар тіркелмеді деп отыр.
Игорь Петришенко, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары: - Өздеріңіз білетіндей, біздің бақылаушылар өз жұмысын 24-ші ақпаннан бастап кетті. Бақылау Қазақстанның 9 өңірінде және шетелдегі 12 мемлекетте жүргізілді. Барлығы 161 халықаралық байқаушы акредиттелген. Жалпы айтқанда, референдум жоғары деңгейде өтті. Оны халықтың көңіл күйіне қарап-ақ білуге болады.
Мамандар: «Конституциялық референдум ел болашағы үшін маңызды оқиға», - деп отыр. Мемлекеттің дамуы халық пікірі мен азаматтық ұстанымына тікелей байланысты.
Құралай Жұмахан, Әлібек Әлиев