Боран кезінде көлік жүргізушілеріне жол көрсеткен Павлодар облысының тұрғыны Мария Бедринаға құрмет көрсетілді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Әмрин Ақсу мен облыс орталығы арасындағы жолда төрт шақырымды жаяу жүріп өткен ауыл мұғаліміне Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Осыдан бір апта бұрын облысты боран әбігерге салған еді. Үйлердің шатырлары ұшып, 96 елді мекен электр қуатынан ажыратылды. Екібастұз қаласында 75 көпқабатты үй, 9 әлеуметтік нысан және 1 әкімшілік ғимарат зақымданды. Баянауыл ауданында бір адам қаза тауып, екі жүзге жуық ұсақ мал мен 80 жылқы қырылды. Осындай күрделі сәтте кәсіби мамандармен бірге көмекке келген қарапайым азаматтарға да лайықты құрмет көрсетілді.