«Самұрық-Энерго» ең ірі ЖЭС құрылысын бастады

  • 6
  • 18.03.2026, 19:52

«Самұрық-Энерго» халықаралық серіктестермен бірлесіп, Қазақстандағы ең ірі жел электр станциясының құрылысын бастады. Уақыт капсуласын салу рәсімі Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Хантау ауылы маңында өтті. Бұл өндіріс орны неге дәл осы Хантауда салынды? Станция қашан пайдалануға беріледі?

Жамбыл облысында Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі жел электр станциясының құрылысы басталды. Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік шеңберінде әлемдегі ең ірі энергетикалық компаниялардың бірі TotalEnergies-пен бірлесіп іске асыруда. Бейнеконференцбайланыс форматындағы іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, Францияның ҚР елшісі Сильван Гиоге, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері қосылды. Капсула салу рәсіміне «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, TotalEnergies Renewables басқарушы директоры Тьерри Плезан және «KMG Green Energy» ЖШС Бас директоры Әділжан Нұрсипатов қатысты.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

-Бұл жел электр станциясы Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі станциялардың бірі болады. Жоба аясында 20 мың гектар аумақта әрқайсысының қуаты шамамен 7 МВт болатын 150 жел генераторлар орнатылады.

Станция жылына шамамен 4 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі энергия тапшылығын жабуға елеулі үлес қосады. «Мирный» жобасы қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысын, сыйымдылығы 600 МВт/сағ энергияны жинақтау жүйесін, сондай-ақ ілеспе желілік инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың IV тоқсанына жоспарланып отыр.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- Жамбыл облысы жел энергетикасын дамытуға қолайлы өңірлердің қатарында табиғи жел ағындарының тұрақтылығы мен географиялық ерекшеліктері ірі энергетикалық нысандарды орналастыруға мүмкіндік береді. Осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында «Ақтас энерджи» компаниясы қуаттылығы 1ГВ болатын жел электр станциясы жобасын жүзеге асыруда.

Жаңа Жел электр станциясының Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Жоба еліміздің оңтүстік өңірлерін энергиямен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған. Оны іске асыру елдің энергия жүйесін нығайтуға, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Құралай Жұмахан, Дулат Ентебеков