Әкелердің бала күтімінде отырған уақыты еңбек өтіліне қосылады

  • 8
  • 19.03.2026, 21:32

Енді бала бағып отырған әкелердің де еңбек өтілі ескеріледі. Бұрын бұл норма тек сәбидің анасына қатысты ғана қолданылатын. Сенаторлар жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заңды мақұлдады. Құжатта өндірістегі жарақатты төмендету мәселелері де қамтылған. Оған бірінші басшы тікелей жауапты болады. Жұмысшыны жазатайым оқиғалардан сақтандыру, өтемақы төлеу тәртібі де пысықталған.

Сенаттағы бүгінгі отырыс көңілді басталды. Депутаттар жиналыстың алдында асық атудан сайысқа түсті. Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған ойынға бәрі белсенді қатысты. Ұлттық дәстүрді дәріптеп,  қазақ халқының мәдени мұрасын жаңғырту үшін киіз үй де тұрғызылған. Белгіленген уақытта күн тәртібін қарауға кірісті. Отырысты ашқан спикер Мәулен Әшімбаев жаңа Конституцияны іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтуға қатысты алдағы міндеттерді айқындап берді. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Референдум ел бірлігінің және азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі болды. Халық жаңғыру мен жаңарудың жолын таңдау арқылы ұзақ мерзімді дамудың берік негізін қалады. Енді алдымызда жаңа Конституциядан туындайтын ауқымды міндеттер тұр. Мемлекет басшысы ҚР Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес, Парламентке бірқатар маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Осы ауқымды жұмысты Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп, уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруымыз керек.

Жиында қаралған маңызды құжаттың бірі – қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіруге қатысты. Өндірісте былтыр мыңға жуық адам жарақат алған. Оның 133-і қайтыс болды. Мамандардың бағалауынша, зауыттағы құрылғылардың ескіргендігі – негізгі себептердің бірі. Заң жобасында қауіпсіз еңбек стандартын жетілдіру тетіктері қамтылған.  

Виктория Шегай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Осы заңда жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыру нормасы бар. Ол қауіпсіздікті қамтасыз етуге және жарақат алғандарға өтемақы төлеуге міндетті. Ал түрлі тәуекелдерді жою жүйелі түрде жүргізіледі. Талапты орындамаған жағдайда кәсіпорынға салынатын айыппұл екі есеге арттырылады. 

Сенаторлар жол-көлік оқиғаларының көбейіп кеткендігіне алаңдаушылық білдірді. Көп жағдайда себепші болатын екі факторды атады. Біріншісі, жүргізушілерді даярлау сапасының төмендігі. Екіншіден, жол қозғалысын ұйымдастыру тым артта қалып отыр. 2023 жылы елімізде 15 көлік апаты тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш күрт өсіп, 36 мыңға жетіпті. 100 мыңнан астам адам түрлі жарақат алған.

Ердәулет Ыбырайұлы, Мұхаметәлі Тілдебаев