Қостанай облысында орман өртінің алдын алу үшін жол жиегіндегі қураған шөпті өртеп жатыр. Кейін соқа салып, жыртуға кіріседі. Табиғатты қорғаушы патрулдік топтар да сақадай сай отыр.
Пригородный орман шаруашылығының аумағы 20 мың гектарға жуық. Соның 14 мың гектарын жасыл желек алып жатыр. Қазіргі кезде өрт қаупі артатын маусымға дайындық жұмыстары басталып кеткен. Бірінші кезекте жол жиегіне жақын құрғақ шөптерді жағу жұмыстары жүріп жатыр.
Осылайша бір ғана орман шаруашылығының қызметкерлері авто және теміржол бойымен 70 шақырым аумақты қураған шөптен тазартып шықты. Мұндағы техниканың дені жаңа. Олардың ішінде барлық керекті құралдармен жабдықталған мобилді өрт сөндіру кешенінің маңызы ерекше.
Болат Сырғабаев, орман шаруашылығының өртке қарсы қызмет басшысы:
- Бұл енді тез өрттің алдында басқа машиналар шыққанша, біз мынамен барып, тез-тез сөндіре береміз. Жол талғамайтын көлік. Қара мынау емкосты оған 350 литр су кетеді. 350 литр суды үнемдейді. 5 сағат бойы өрт сөндіруге болады. Суды үнемдеп береді.
Мұнда жаз бойы орман алқабы бейнекамералармен бақыланады. Оның сыртында ауа райы құбылысын тіркеп, көрсетіп отыратын электронды қондырғы да бар. Ол өрт қаупі басым аумақы бірден анықтайды.
Болатбек Табулдин , орманды қорғау инженері:
-Мында мониторды бақылап отырады, 5 камераны. Қай жерде қандай түтін болды, шаң көтерілді. Фиксация өткізеді. Сол фиксация арқылы біздің радиооператор бақылайды. Қауіп пе, бізге қауіп емес пе?! Біздің өзіміздің патрулдік тобымыз бар. Өзіміз сол моментке шығамыз да, өзіміз ары қарай реттеп жұмыс істейміз.
Облыста 11 орман шаруашылығы бар. Оларға былтыр 80-ге жуық жаңа техника берілді. Басқа да қажетті құралдармен жабдықталды.
Айдана Манат , облыстық ТЖД ресми өкілі:
- Орман шаруашылығы мекемелерінде 40 бейнекамерадан тұратын ерте анықтау жүйесі бар. Және сол жүйе арқылы жұмыс істейді. Одан бөлек бізде әуеден бақылау жүргізу үшін ТЖД қарамағында 9 дрон бар. Он бір орман шаруашылығы мекемесінде және Науырзым қорығында Департамент күштерімен механикаландырылған кезекшілік топ ұйымдастырылды. Олар дрон мен спутниктік терминалдарды қолданады.
Орман ішінде бақылау жүргізетін жедел топтардың да көмегі зор. Былтыр жаз мезгілі олар өрт қауіпсіздігін сақтамаған 750 адамды әкімшілік жауапкерішілікке тартып, 12 миллион теңге айыппұл салған.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг