Жыл басынан бері Астанада 5 бала терезеден құлаған

  • 11
  • 30.04.2026, 21:36

Көктем бастала салысымен балалардың терезеден құлауы жиілеп кетті. Биыл жыл басынан бері Астана қаласында 5 бала терезеден құлап, оның екеуі ажал құшқан. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен, Полиция департаментімен және еріктілермен бірлесіп профилактикалық акция өткізді.

Статистикаға сүйенсек, 2025 жылы 58 бала терезеден тайып кетіп, 14 бала қаза тапқан. Жазатайым оқиға биыл да тіркеліп отыр. Жыл басынан бері Астана қаласының өзінде 5 бала терезеден құлаған. Осыған орай құзырлы органдар көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына және жас балалары бар отбасыларға ерекше назар аударуда. Тұрғын үйлерге тегін түрде арнайы терезе блокираторлары, қорғаныш бекіткіштері мен ашылу шектегіштері орнатылуда. Қала бойынша 1000-нан аса терезеге қорғаныш құрылғыларын орнату жоспарланған.

Әли Арғынбаев, Төтенше жағдайлар департаментінің инженері:

- Біз «Қауіпсіз терезе» акциясын өткізіп, полициямен, әкімшілікпен және волонтерлермен бірлесе отырып, осындай сақтық жиын ұйымдастырдық. Қазір Астана қаласы аудандарында жұмыстар ұйымдастырамыз. Блокираторды терезеге қоямыз, әлеуметтік осал топтарды, көпбалалы ата-аналарды барынша қамтуға тырысамыз. 

Сонымен қатар тұрғындармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік жадынамалары таратылуда. Жыл басынан бері 30-дан астам рейд өткізілді. Профилактикалық іс-шаралар білім беру мекемелерінде де белсенді жүргізілуде. 50-ден астам мектеп пен балабақшада ата-аналар мен балаларға қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Айман Мұсажанова, қала тұрғыны:

- ЧС-қа үлкен рақмет. Үйге блокираторлар қойды. Менің 1 жастағы балам бар, соның қауіпсіздігі үшін ол өте маңызды. Үлкен алғысымды білдіремін. Біздің балаларымыз – біздің болашағымыз. 

Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға, москиттік торларды қорғаныс құралы ретінде пайдаланбауға, терезелерге арнайы қорғаныш құрылғыларын міндетті түрде орнатуға кеңес береді. Бала қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік.

Құралай Жұмахан, Әлібек Әлиев