Қызылорда қаласында соққан қатты дауыл салдарынан көпқабатты үш тұрғын үйдің шатыры құлады. Табиғаттың тосын мінезі қала инфрақұрылымына да айтарлықтай зиян келтірді.
Атап айтқанда, Тасбөгет кентінде электр бағаны зақымданып, соның салдарынан Сәулет, СПМК-70, Арай, Сырдария шағынаудандары мен Тасбөгет кенті уақытша электр жарығынсыз қалды. Сонымен қатар Сәулет шағынауданындағы бір көшеде оннан астам жарық шамы құлаған. Қазіргі уақытта ауа райының күрт құбылуынан бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орындарына арнайы авариялық-қалпына келтіру бригадалары жұмылдырылып, электр желілері мен зақымданған инфрақұрылымды қалпына келтіру шаралары қолға алынған.
Арнұр Нұрмағанбетов, қала әкімінің орынбасары:
- Бұл жағдайға байланысты біз барлық коммуналдық мекемелерді шұғыл жұмылдырдық. 20-дан астам бригада құрылды. Нәтижесінде бүгінгі күні электр желілері, электр бағаналары толық қалпына келтірілді. Тұрғындарға электр желісі үздіксіз берілуде. Шатыр жөндеу жұмыстары қазіргі уақытта жүргізілуде, қысқа мерзімде аяқтаймыз. Ахуал тұрақты, барлық жағдай бақылауда.