«Күміс жас»: Алматы облысында 500-ден астам адам жұмыспен қамтылды

  • 2
  • 07.09.2026, 18:49

Алматы облысында «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 500-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Жоба елуді еңсерген, жұмыссыз азаматтарға зейнет жасына жеткенше нәпақа табуға мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет бағдарламаға қатысушылардың жалақысының бір бөлігін субсидиялайтынын айта кетейік.

Әлия Закериянова бұған дейін массаж жасаушы мамандығын меңгеріп, арнайы курстан өтті. Одан кейін еңбек мобилділігі орталығына жүгінген. Мамандар оған «Күміс жас» бағдарламасы бойынша лайықты жұмыс тауып берді. Әлия қазір өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүр.  

Әлия Закериянова, қала тұрғыны:

- Мен өзім жұмыссыз үйде отырдым. Содан жұмыспен қамту орталығына барып тіркелдім. Мына «Күміс жас» («Серебряный возраст») бағдарламасы жақсы болды. Барып тіркеліп, содан осы жұмысқа келдім. Осы ақпан айынан бері істеп жатырмын. Әйтеуір, ақшасы уақытында түсіп тұрады, жалақым жақсы. Енді жұмыссыз отырғаннан жақсы ғой, бұндай ақшаны кім береді?

Алматы облысында «Күміс жас» бағдарламасы 2022 жылдан бері жүзеге асып келеді. Оған 50 жастан асқан, бірақ әлі зейнетке шықпаған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Олар үш жыл мерзімге жұмысқа орналастырылады. Ал мемлекет жыл сайын жұмыс берушіге жалақының бір бөлігін өтейді. Жыл басынан бері өңірде осы бағдарлама арқылы 549 тұрғын жұмыспен қамтылды.

Досжан Сейдахметов, облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Біз жақтан олардың айлығына 129 750 теңгені төлеп береміз, ол айлық көрсеткіштің 70%-ын құрайды. Екінші жылы 65%-ын төлейміз, ал үшінші жылы 60%-ын төлейміз. Ол кісілерді біз жұмыс берушіге үш жылға жібереміз. Үш жылдан кейін зейнет жасына келетін болса, зейнетке шығады. Зейнет жасына келмесе, сол жұмыс беруші оларды тұрақты жұмысқа алуға міндетті.

Ардақ Айбарұлы, тілші:  

- Бағдарлама орта жастағы азаматтардың еңбек нарығынан тыс қалмауына мүмкіндік береді. Өңірде мұндай жұмыс орындарының санын алдағы уақытта да арттыру жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 50 жастан асқан тағы 565 тұрғынды жұмыспен қамту көзделген.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембай