ЖИ электр желілерін жаңғыртуға көмектеседі

  • 9
  • 24.09.2026, 18:53

Енді электр желілерінің тозуы мен ондағы апаттардың алдын алу көрсеткіші жоғарылайды. Цифрлық технологиялар бұл салаға да енгізілуде. Былтыр электр желілерінің тозуы 66 пайыздан жоғары болған. Әлбетте алдағы үш жыл ішінде ондаған мың шақырым жаңа желілер салынады. Бірақ жаңасы келгенше, ескісі елдің есін алмауы үшін жасанды интеллект қол ұшын созбақ. Энергетика саласында қазір 45 жоба түзіліп, әне-міне іске кірісуге сұранып тұр. Бұл қадамдар алдағы 10-15 жылда салаға қандай өзгерістер алып келеді?

Павлодарлықтар іске кірісіп кетті. Өңірде инженерлік инфрақұрылымның цифрлық егізі әзірленіп жылу жүйелерін жөндеу жұмыстарына IT-технологиялар енгізіліп жатыр. Жаңа жүйе желідегі негізгі көрсеткішті нақты уақыт режимінде бақылайды. Алдағы уақытта толыққанды цифрлық платформаға айналатын аталмыш жүйе апат немесе ақау болған жағдайда оны дереу анықтап дабыл қаға алады.

Жанат Семенов, «Павлодар жылу желілері» жшс пайдалану жөніндегі бас инженері:

- Егер қысым немесе температура төмендеп, магистральдық желіде ақау пайда болса, диспетчерлік қызметке бірден хабарлама келеді. Экранда тиісті белгі көрсетіледі. Осылайша біз бригаданы  нақты қай жерге жіберу керектігін біліп отырамыз. Бұл тиісінше жылдам әрекет ету уақытын үнемдейді.

Электр желілерінің жай-күйін тексеру үшін мамандар барлық жұмысты қолмен істейтін заман кетеді. Жүздеген шақырым желіні дрондар камерамен бақылайды. Ал ЖИ бейнетүсірілім кадрларын саралай отырып, ақауларды анықтайды. Ал жылу желілеріндегі тақылеттес жұмысты роботтар атқарады.

Сергей Агафонов, «Green Platform Kazakhstan» қауымдастығының төрағасы:

- Және бұның артықшылығы апат болғаннан соң болатын реактивті жөндеу емес, алдын ала жасалады. ЖИ жер дүниенің барлығын қазып, жарылған құбырды іздеудің жөні жоқ екенін, нақты ақау орнын көрсетіп береді. Бұның екінші қыры сол, құбырдағы апат үлкен шығын, тұрғындарды да әбігерге салады. Ал цифрлық технологиялар апаттың алдын ала отырып, ақша үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал ол келешекке инвестиция.

Сол секілді ақылды есептеуіш құрылғыларда қазір ысырапшылдыққа қарсы майданнң алдыңғы шебіне шықты. ЖИ мәліметтерді салыстыра саралау негізінде шамадан тыс тұтынуды анықтайды. Цифрлық технологияның игілігі әсіресе құбырларды жөндеуде тиімді. Себебі бұрын апат болған учаске қазылып, қыруар жұмыс істелсе, ЖИ көмегімен нақты ақаудың өзі ғана анықталып, деффект хирургиялық дәлдікпен жойылады.

Сергей Агафонов, «Green Platform Kazakhstan» қауымдастығының төрағасы:

 - Электр желілерін дроннан бақылау арқылы ықтимал ақау мен апаттың алдын алуға жол ашылып отыр. Сол секілді жылу құбырларының күйін роботтар бақылайды. Шектен тыс тозу мен жарылу қаупі бар тұстарды айқындап береді. Сосын ЖИ көмегімен оның деңгейі сараланады.

Жасанды интеллек жарылған құбырды жамап бермесе де, жамандықтың алдын алады. Бұл энергетика саласының автономдылығын арттыра түспек. Сондай-ақ электр кернеуін бөлу жұмысы мамандарсыз мүмкін болмайтын машақат еді. Енді ол санаулы секундтарда керегіне қарай бөлінеді. Яғни тұтас саланың қауіпсіздігі мен тиімділігі адамға тәуелді болмайды. Сарапшылар алдағы 10-15 жылда отандық энергетика қыр-сыры беймәлім қауіпті саладан, ашық, сыры мәлім, тәуекелі төмен әрі тиімді экожүйеге айналатынын айтуда.  

Авторлар: Берік Дүйсенбай, Аманжол Байғазин.