Қысқы демалыстан жазғы трекингке. Біртұтас тау кластері жыл бойы туризмді дамытуды көздейді. Almaty Superski жобасы қысы-жазы белсенді демалысты ұйымдастыруға бағытталған. Жаяу серуен, велобағыт, рекреациялық кеңістіктер және басқа да туристік қызмет түрлері қарқын алады. Осылай Алматы таулары төрт маусымда келушілер үшін тартымды орынға айналады.
Тау кластері тек қысқы демалыспен шектелмейді. Almaty Superski жобасы аясында жаяу туристер үшін Үлкен Алматы көліне, Көкжайлауға және Жапон жолына бағытталған баспалдақты бағыттар, жаңа тау соқпақтары болады. Оған қоса, жолды бағдарлау, кемпинг орындары мен құтқару инфрақұрылымы қарастырылған. Жаз бен қыста ғана емес, маусымаралық кезеңде де тауда бос болмауы тиіс. Осы кезде тауға саяхат, гастрономиялық бағдарлама, денсаулықты нығайтуға арналған шаралар, фототур, танымдық сапарлар ұйымдастырған абзал. Жобаны жүзеге асырушылар шетелдің үздік тәжірибесіне сүйеніп отыр.
Ержан Еркінбаев, «Kazakh Tourism Development» ЖШС бас атқарушы директоры:
- Бізге ең жақын даму моделі ол Австрияның моделі. Өйткені оларда пляж немесе теңіз туризмі жоқ.Тек қана таулар. Австрияның экологиялық талаптары өте жоғары. Соның өзінде Авсрияның тау шаңғы курорттары өте көп. Өте жоғары стандарттарға сәйкес жасалған және Австрияның туризм саласынан пайда кірістер өте жоғары. Сондықтан, Австрияның тәжірибесі лайық деп сенеміз.
Жылы мезгілде трекинг, жаяу туризм, тау велосипеді, альпинизм және экологиялық туризм сияқты бағыттарды дамытуға мүмкіндік бар. Қазақстандық танымал альпинист Мақсұт Жұмаевтың айтуынша, инфрақұрылым жақсы болса, туристер ағыны көбейеді. Өзі оқу орындарына барып альпинизм мен құзға өрмелеу спортының қыр-сыры туралы дәріс оқып тұрады.
Мақсұт Жұмаев, альпинист:
- Мен өзім қолымнан келгенше үлес қосып жүрмін. Дәріс оқимын. Спорттық клуб ұйымдастыруға көмектесем. Жастар тауда бей-берекет жүрмесе екен деймін. Бәрі белгілі бір тәртіппен, ұйымдасқан түрде болғанын қалаймын. Одан кейін тауға отбасы болып шыққанды дәстүрге айналдыру керек.
Алматының өңірлік жалпы өнімінің 4 процентке жуығы туризм саласының еншісіне тиеді. Одан түсетін салық көлемі де өскен. Тау кластері жалпы ел экономикасының дамуына серпін береді деген болжам бар.
Авторлар: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон.