Алматының жолдары жарыс өткізіп, жылдамдықты сынайтын жер емес. Қатты шыққан дыбыс, қауіпті маневр, жоғары жылдамдық мұның барлығы қала тұрғындарының тыныштығына әсер етеді. Алматыда «Шулы көлік» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Полиция қызметкерлері талапты бұзып, жол қозғалысына қауіп төндірген автокөлік, мотоцикл, мопед және басқа да көлік құралдарын тексеріп жатыр. Рейдтің алғашқы күнінде жол қозғалысы ережесін бұзған 200-ден аса көлік иесі белгілі болды. Соның 150-ден астамын жол сақшылары бір түнде анықтады. Тіпті 6 жүргізуші мас болған. 74 автомобиль айып тұрағына қойылды. Көліктің қатты гүрілі, күрт қозғалысы немесе түнгі дрифт сырттай әсерлі көрінгенімен, қауіп төндіреді. Бұл тек тұрғындардың тыныштығына ғана емес, жолдағы барлық адамның қауіпсіздігіне әсер етеді.
Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
- Алматы қаласы полициясы күшейтілген нысанға қызметтің күшейтілген режиміне ауысты. Өзінің көлігін қатты дауыс шығаратын құрылғылармен жабдықтау бұл заңсыз болып табылады. Мұндай деректерге жалпы күндіз де, түнде де жол берілмейді.
Нұрхан Есімбеков, қалалық пд мамандандырылған полиция батальонының аға инспекторы:
- Құжаттарды тексеру барысында автокөлік жүргізушісінің көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Аталған факті бойынша ҚР әкімшілік құқық бұзушылықттуралы кодексінің 612-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік хаттама толтырылғаннан кейін жүргізуші тиісті процессуалдық шешім қабылдау және мән-жайды анықтау үшін Бостандық ауданының полиция басқармасына жеткізілді.