Қоғамдық мәселелерді талқылап, халықтың ұсынысын билікке жеткізетін алаңдардың бірі – Халық кеңесі. Оның құрамында түрлі сала өкілдері, қоғам белсенділері мен тұрғындар бар. Ал кеңес нақты қандай мәселелерді қарайды? Ұсыныстар қалай қабылданады және оның шешімдері әрі қарай қайда жолданады?
Осы аптада жоғары консультативтік орган Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады. Оның құрамы Қазақстан Республикасының азаматтары арасынан пропорцияны сақтау арқылы жасақталды. Атап айтқанда, Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары және қоғамдық кеңестерден - 42 адам, этномәдени бірлестіктерден - 42 адам, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан - 42 адам. Бәрі де 18 жастан асқан, тәжірибесі мол, түрлі саланың өкілдері. Жалпы саны - 126 адам. Төрағасы ретінде Президенттің ұсынысы бойынша Ерлан Қошанов сайланды.
Бекмұрат Жүсіпов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Халықтың үнін мемлекетке жеткізуде Халық Кеңесінің рөлі өте жоғары болады деп ойлаймын. Кейбір мәселелерді өңірде шешуге мүмкіндік болады деп ойлаймын. Оның ішінде біздің Маңғыстау өңірінің шалғайлығын, оның климатының ерекшелігін, Каспий теңізінің тартылуына байланысты экологиялық мәселелерді Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік басқарушы органдарға жеткізіп, шешуге өзінің әлеуеті болады деп ойлаймын.
Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның өкілеттіктері Ата Заңда айқындалған.
Ол мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді. Қазақстан Республикасының Құрылтайына заң жобаларын енгізіп, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтере алады.
Мұрат Әбенов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Көшеде, әртүрлі әлеуметтік желіде талқылағанша, осында мықты, заңдастырылған орта керек деп есептеймін. Елге барғанда солардың пікірін алады және осы жерге келіп, соны жеткізе алады. Соны ұсыныс ретінде беруге және заң жобасы ретінде беруге құқығы бар.
Халық Кеңесі кеңес берулер мен тыңдауларға қоса, семинарлар, конференциялар, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, сондай-ақ гуманитарлық форумдар ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді. Оған қоса мемлекеттің ішкі саясаты бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қатысады.
Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков.