Қазақстанда әскери реформа жоспары әзірленеді

  • 5
  • 28.09.2026, 18:36

Каспийдегі қайғылы жағдайдан кейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің қызметін қатаң сынға алып, Әскери реформа жоспарын әзірлеуді жүктеді. Күні кеше қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен өткен жиында президент жаңа Қорғаныс министрін таныстырып, болған оқиғаға жіті тексерістің қажеттігін жеткізді. Бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болғанын алға тартты. Тиісінше, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті. Президент оқу-жаттығу жиынына қатысқан әскери қызметшілердің тиісті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін айтып, жеке құрамның қауіпсіздігіне айрықша назар аударды. Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруі тиіс. Бұған сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заң бұзушылықтарды анықтап, кімдердің жауапқа тартылатынын айқындауы шарт.