200-ден астам адам жәрдемақыдан бас тартты

  • 3
  • 16.10.2026, 18:41

«200-ден астам азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақы алудан бас тартқан. Бұл SMS-хабарламалар жіберу нәтижесінде белгілі болды»,- деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Бүгін eGov Mobile қосымшасына енгізілетін жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисінің жаңа жобасы таныстырылды. Оның көмегімен әлеуметтік жәрдемақы алатын тұрмыс жағдайы жақсы, дәулетті азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде төлемдерден өз еркімен бас тарта алады. Көмекке мұқтаж азаматтар үшін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тәртібі толық сақталады. Ал әл-ауқаты жоғары деп танылғандардың деректерін қосымша тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл санаттағылар үшін әлеуметтік жәрдемақылардың барлық 36 түрінің 14-іне өзгеріс енгізіледі. Қалған 22 түрі бойынша қолданыстағы төлем өзгеріссіз қалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру бойынша кеңес отырысында айтылғандай, мемлекеттік әлеуметтік көмек шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетіледі. Премьер-министр Олжас Бектенов: «Біз қолдау шараларының ашық есебін жүргізіп, олардың нақты түпкілікті нәтижесін бағалауды қамтамасыз етуіміз керек,  - деді.

Ерасыл Жұманбаев, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысы:

- Атаулы әлеуметтік көмек беру немесе тағайындау кезінде біз қазіргі таңда ЖИ қолданамыз. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ашықтық пайда болды. Сонымен қатар бұл жүйеде тағайындау уақыты қысқарды. Мұны да атап өтсек болады. Жалпы бұл жүйе республикалық деңгейде қолданып, мониторинг жүргізетін болады.