Astana Media Week 2026: журналистика және жаңа технология мүмкіндігі

  • 2
  • 15.10.2026, 19:46

Форумның бірінші күнінде қатысушылар жасанды интеллектінің медиа саласына ықпалын, цифрлық қауіпсіздік пен аудитория сенімін талқыласа, екінші күні кәсіби этика, ақпараттық саясат, отандық контентті дамыту және медиа нарықтағы жаңа мүмкіндіктер мен технологияларға басымдық берілді. 

Құралай Жұмахан, тілші:  

- Цифрлық сауаттылық. Сыни ойлау. Медиа апталықта сарапшылардың 2 күн қатарынан баса айтқаны осы. Себебі технология дендеп еніп жатқанда шынайы және жалған ақпаратты, медиа өнімді, контенттің ара жігін ажырата білгеніміз жөн.  Мәселен, жасанды интеллект жоқ нәрсені өзі қосып жазып жіберіп, жоқ заңдарды бар деп көрсетуі мүмкін. Сондықтан сыни ойлап, ақпаратқа факт-чек жасауды ұмытпаған жөн. 

Николас Шрадер, Швейцариядағы Infront Sports & Media Ag компаниясының медиақұқықтарды сату жөніндегі директоры:

- Орталық Азия елдері жасанды интеллекттің игілігін көру және оның ықтимал жағымсыз әсерлерін барынша азайту мақсатында бірлескен ортаны қалыптастыруда үйлесімді жұмыс істейді. Мұны осы жерден де көріп отырмын: өңірге әр елден келген өкілдер өзара ынтымақтастықты арттырып, бірлесе еңбек етуге ниетті. Осындай форумдар адамдардың басын қосып, жасанды интеллект саласындағы ортақ мақсаттарды талқылауға және пікір алмасуға жол ашады. Бүгінде Қазақстанның бұл бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз.

Бүгінде жаңа технология күнделікті жұмыс процесіне еніп, журналистиканың жаңа кезеңі басталып кетті. Мамандар «бір журналист-бір медиа» қағидасы бойынша жұмыс істеуі тиіс екенін айтып отыр. Яғни олар инстаграм, фейсбук, ютуб сияқты платформаларда өзін жеке бренд ретінде қалыптастыра білу керек. Сондай-ақ стриминг медиа болашағы екені де тілге тиек етілді. Демек, онлайн контент, әлеуметтік желілер арқылы оқиғаны дер кезінде баяндап, стримингке шығу таптырмас құрал болмақ. Биыл стримингтік видеолар мен онлай-контент нарыққа 1 трилллион доллар қаржы әкеледі деп болжанып отыр. Былтыр мұндай өнімдерден 214 млрд доллар түскен.

Сандуғаш Рақымжанова, TV  онлайн-платформа директоры:

-  Әрине, үлкен тәуекел бар. Қазір біз басқа адамның дауысын, сырт келбетін, мимикасы мен қимыл-қозғалысын қолдана алатын генеративті жасанды интллект туралы көп айтамыз. Бұл ретте белгілі бір шекарадан аттамауымыз қажет. Яғни нейрожеліні дұрыс пайдалана білуіміз керек. Қазір мобильді болумен қатар цифрлы сауатты болғанымыз да жөн. 

Ертең медиа апталықтың соңғы күні. 16-қазанда «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарына үміткерлер анықталады. Биыл байқаудың 12 аталымы бойынша 600-ден астам журналист өтінім берген екен.