Көрнекті ақын-сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың туғанына жүз жыл толды. Бүгін қазақ поэзиясы мен ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті қаламгерге туған жері Ақтөбеде ескерткіш-мүсіні ашылды. Ақынның шығармашылық мұрасына арналған «Ақбұлақ аға» кітабының тұсаукесері өтті.
Қазақтың қайсар қызының ерлігін дәріптеген әйгілі «Әлия», туған жерге сағыныш пен ыстық махаббаттың символына айналған «Ақбұлақ» пен «Бозторғай» әндері бүгінде біртұтас ұлттың рухани мұрасына айналды. Қазақ өнерінің өрісін кеңейтуге елеулі үлес қосқан Бәкір Тәжібаевтың ескерткіш мүсіні де халық шығармашылығы орталығы алаңына орнатылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Асхат Шахаров, Бәкір Тәжібаевтың ұлы Жасұлан Тәжібаев, туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жасұлан Тәжібаев, Б. Тәжібаевтың ұлы:
-Бұл енді менің өмір бойғы арманым еді. Екіншіден, анамның қалдырған аманаты еді. Сондықтан осы облыстың әкімдігіне, басшылыққа, мәдениет министрлігіне, Үкіметке мыңда бір рақмет. Әкеміздің шығармашылығын, болашақ ұрпаққа жеткізу – менің міндетім.
Мерейтойға арнайы келген ақын-сазгердің ұрпақтары мен туған туыстарын облыс әкімі қабылдады. Басқосуда Асхат Шахаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәкір Тәжібаевтың ұлттық мәдениет пен руханиятты дамытудағы еңбегіне жоғары баға бергенін айтты. Ақынның мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Айта кету керек, Бәкір Тәжібаевтың қолжазбаларына негізделген «Ақбұлақ аға» кітабының тұсаукесері де өтті.
Орал-Қосай Байсеңгір, «Ақбұлақ аға» кітабының авторы:
-Оның ішінде сегіз драмалық шығармасы бар. Қойылмағандары бар екен. Сол сегіз драмалық пьесаны көп жылдан бері кітап қылып шығарсам деп аманат болып жүр еді. Сол сегіз драмалық пьесаға өзімнің шығармамды, ол туралы жазылған пьесаларды қостым. Қазақстанның ақын-жазушыларының ол кісі туралы пікірлері басылды.
Облыстық музыкалық драма театры сахнасында Бәкір Тәжібаевтың өмірі мен өнеріне арналған спектакль-элегия қойылды. Сонымен қатар «Сөз бен саздың саңлағы» атты концерт өтті.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков